Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Еңбектен бақыт тапқан ана

Еңбектен бақыт тапқан ана

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінің ерекшелігін айтып тауыса алмаймыз. Қыс пен жаз алмасып, табиғат қайта түлеген шақтағы кереметпен қабаттас келген мерекенің мерейі үстем, орны бөлек. Бүллі тіршілік біткенге жан еніп, бауыры қардың ызғарынан арылып, бусанған дүниенің жылы шырайы, күннің ашық қабағы мен шуағы тура бір әйел затының мейірлі жанары мен сытқы алақанынан, көркем болмысы мен ерке мінезінен таралып жатқандай көрінеді. Ақ жаулықты әжелердің ақ батасымен әдем жаңарыш, ананың алақаны әлдилегендей, жарымыз бен әпке-қарындастарымыздың қылығындай көктемнің көріктілігі де осы күнге байланғандай.
Расында «өмірдің бастауы – анадан» дегендей оларға көрсетілген құрметтің артығы болмайды. Және анаға деген құрмет қызметке де, атақ-дәрежеге де бөлінбейді. Себебі аналық бақыт бұл әйел заты үшін ең үлкен мәртебе. Міне, осындай биік мәртебеге лайықты жандардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Ақгүл Жақсылықова.
Ақгүл Жақсылықова 1971 жылы Арал қаласында туған. Қарапайым ғана отбасында өскен қыз қазіргі Жарасқан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейде білім алады. Әкесі обаға қарсы күресу мекемесінде қызмет жасаса, анасы аудандық өнер мектебінде техникалық қызметкер болған.
Ел үшін қиын уақытта мектеп бітіріп, ары қарай оқуға мүмкіндік болмағанымен кейіпкеріміз қазірде бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған асыл жар, перзенттерінің ардақты анасы.
Ақгүл апаймыздың анасы зейнет демалысына шыққан соң, 1992 жылдың желтоқсан айында анасының орнына жұмысқа қабылданады. Бүгінде бір жерде табан тайдырмай қызмет жасап келе жатқанына 30 жылдан астам уақыт болған ол:
– Адамның бақыты байлықта, қызметте емес екен. Қазірде осы мекемеде еңбек етіп жүргеніме 30 жылдан асты. Осы уақыттың ішінде көптеген басшымен, жұмысшылармен қызметтес болдым. Бірақ барлығы "апай" деп сыйлап, құрмет көрсеткенде, шын бақыттың айналаңдағы адамдарға сыйлы болуыңда екенін анық түсінесің. Бастысы өзіңнің қызметіңді адал атқарып, жауапкершілікпен жұмыс істеуіңде. Сонда ғана ұжымға сыйлы, ортаңда абыройлы боласың. Қазақтың қай сөзіне үңілсек те терең тағына, үлкен тәрбие жатыр ғой. «Өзінің сүйікті ісін жасаған адам бақытты емес, өз ісін сүйіп жасаған адам бақытты» демейді ме?! Шынында сол өз жұмысыма деген махаббаттың арқасында осындай абыройға бөленіп отырмын.
Бірақ нағыз бақыт әрбір әйел заты үшін – перзент сүю. Оның «анашым» деп мойыныңа асылған сәтін көру. Солардың қызығына бірге қуанып, жетістігіне тілекші болу дер едім, – дейді.
Кейіпкеріміз 1993 жылы Сержан Жақсылықовпен шаңырақ көтереді. Бүгінде екеуі де бір мекемеде еңбек етіп жүрген олар бірі әке бақытын, бірі ана бақытын сезіне алған бақытты отбасы. Қызы Салтанат Жаңабаева Қорқыт Ата атындағы университетті қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, бүгінгі таңда тұрмыс құрып, ана атанып отырса, Мақсаты аудандағы білімнің қара шаңырағына баланған Т.Г.Шевченко атындағы №13 мектепте 9 сынып, Ринаты 6 сынып оқып жатыр.
Қашанда жүзі жайнап, жанындағы адамдарға тек жақсы тілегін айтып жүретін Айгүл Жақсылықова:
– Алла әйел адамды ерекше жаратқан. Ер азамат шаңырақтың асыраушысы, табыс табушы дегенмен оны үйлестіріп, үлгіртіп отыру біздің міндетіміз. Балаға қамқорлық жасап, оған күтім көрсету де әйел адамға жүктеледі. Осының барлығын теңдей алып жүру ерлік. Мұны кез келген қыз бала көруі, сезінуі қажет дер едім. Себебі қиындық көрмей қызыққа жету мүмкін емес. Айналаңдағы жандардың батасын алу арқылы ғана бақытқа, қызыққа кенеле аламыз.
Менің де осындай бақытты күнге жетуім ақ бата мен адал тілектің арқасы деп ойлаймын. Қолымызда атамыз бар. Қазірде 77 жасқа келген қартымыз, қазынамыз «Айналайын, қызым, бақытты бол! Бала-шағаңның қызығын көр! Ақ-адал тілегіңе жет!» деген батасымен өркендеп, өсіп келеміз, – деген ол, барша нәзік жандыларды алдағы мерекемен құттықтап, шаңырақтарына шаттық, өмірлеріне нұрлы сәуле тіледі.
О.ЖОЛДАСОВ
---
07 наурыз 2023 ж. 159 0