Бейбіт күннің бейбітшілік жаршысы

Сонау жоңғар шапқыншылығы заманынан үш жүздің басын қосу идеясының өзі қазақтың ауызбіршілік, бауырмалдылық деген қасиетті ұғымының айғағы. Ел ыдырап, бірліктен ажырамасын деп бір тудың астына біріктірген. Сол ХVІІІ ғасырда басымыздан өткен тарихи кезеңнің арқасында елімізге төнген жер бетінен жойылып кету қаупінің алды алынған болатын.
Бертін келе сталиндік тоталитарлық режим жылдарында да қаншама саяси тұтқындар Қазақстанға жер аударылды. Аштық, жалғыздық, көмексіз қалған жүздеген ұлт өкілдеріне сол кезде қол ұшын созып, аман алып қалған қазақтарға олардың айтар алғысы шексіз. Тарихшы Ханкелді Әбжанов бір сұхбатында: «Ақмола өңірінде Алжир лагері болған. Ол – халық жауларының отбасын ұстаған түрме. Онда әйелдер мен жас балалар жатқан. Сонда әйелдер қоршаудың ішінде жатады екен. Ал қазақ ауылынан келгендер оларға жақындап келіп, тас лақтырады дейді. Мұны көрген әйелдер бізді «халық жауы» деп ойлайды деп қатты көңіліне алыпты. Кейіннен қараса, лақтырған тастары құрт екен. Құрт – қазақтың құнарлы асы. Осылайша, Алжир түрмесіндегі әйелдердің көбі құртты азық етіп, жанын сақтапты. Бұл да еліміздің қиын сәтте мәселенің оңтайлы шешімін тауып, кеңпейілділігінен айырылмағанының арқасында» дейді.
Тарихқа көз жүгіртсек, бұндай оқиғаларлың мың санын білуімізге болады. Қиыр Шығыстан айдалған корейлер, Еділ бойынан айдалып келген немістер, соғыс уақытында пана іздеген шешен, дүңген, грузин, күрд, молдаван, иран, қарашайлар сынды түрлі ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алып, бауырына басқан, жетімегін ел етіп, жесірін жылатпаған елміз. Тіпті, өздерінің арасында «бізді айдап әкелгенде, бесінші колонна болады деп әкелген. Біз төртінші жүз болдық» деп әзілдесуі де орынды. Қалжың дегенмен, арғы жағында үлкен ақиқаты бар астарлы сөз.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміз түрлі ұлт өкілдері арасындағы келісімді сақтай алды. Ұлтаралық қақтығыстардың болуына жол берілмеді. Өзге ұлтқа өз еліміздің азаматындай қарап, бөлек көзқарас танытылмады, керісінше, олардың да өз мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасалып, әр халықтың жеке қауымдастығы құрылды. Қоғамдағы тұрақтылық пен ішкі мәдени саясаттың негізгі бағыты ретінде қарастырылды.
Осы мақсатта 1995 жылдың наурызында дүние жүзіне үлгі болып отырған татулық феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Бұл ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблеяның 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктердің, 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің басын біріктірді.
Міне, осындай бейбіт заманның бейбітшілік жаршысы ретінде – 1 мамыр – Бірлік күні болып жыл сайын елімізде аталып өтіледі. Көктемнің мамыражай күніндегі бұл мереке еліміз үшін ең ірі мейрамның бірі. Бір шаңырақ астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, ынтымақ пен бірлігіміз мәңгі жасай берсін демекпіз.
ӘЛНИЯЗИНА