Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Теміржолшы ерлігі

Теміржолшы ерлігі

...Бұл оқиға осыдан жиырма төрт жыл бұрын болған еді. Кезінде кең көлемде жария етілмеген бұл ерлікті оны жасаған адам кейінірек көзі тірісінде бала-шағасына айтып кеткен көрінеді. Ол жайында осы ерлікті жасаған байырғы теміржолшы, осыдан үш жыл бұрын бақилық сапарға аттанған марқұм Бақытжан Рысқалиұлы Жүсіповтің ұлы Серік ініміз жақында айтып берген болатын Серіктің әңгімесінен ұққанымыз төмендегідей:
...Өткен ғасырдың тоқсан тоғызыншы жылының жетінші желтоқсаны. Азанғы сағат жетінің шамасы. Осы кезде Арал теңізі темір жол вокзалына қарай күнделікті жұмысына асығыс шыққан Бәкең темір жол өткеліне таяғанда тосылып қалды. Әншейінде бұл тұсқа кідірмейтін пойыз өткелден өте бере төбеге ұрғандай тоқтап тұр екен. Тәжірибелі теміржолшы бұл жерде аяқ астынан апат болғанын бірден ұқты. Сөйтті де өткелге қарай өкпесін қолына алып тұра жүгірді.
Келсе №13 мектептегі күнделікті сабағына шыққан екі бала екі жерде жайрап жатыр. Бір бала сонадай жерде жылап тұр. Айнала әлі тас қараңы. Адам аяғы сирек. Алас-қапаста есін жинаған Бақытжан жатқан баланың біріне келсе, жаны шығып кетіпті. Сонан дедектеп екінші балаға қарай жүгіреді. Бұл бала жан тапсырған баладан гөрі кіші. Шамасы тоғыз-он жасар болуы керек. Әйтеуір тірі. Кеудесінде жаны бар. Ыңырсып жатыр. Жан-жағы қара қошқыл іркілген қан.
Бақытжан дереу осы кезде жабық өткелдің өзі жақ бетіне келіп тоқтаған аудандық электр жүйесі мекемесінің кезекші көлігін көріп, солай қарай құстай ұшты. Болған жағдайды көзімен көріп тұрған көлік жүргізушісі екеуі дереу қансырап ауыр халде жатқан баланы аудандық орталық ауруханаға жеткізді.
...Арада аққан судай, соққан желдей жүйткіп жүйрік жылдар өтті. Кейін Бәкең өзі тура келген ажалдан аман сақтап қалған баланың аты-жөні Нұрболат Көбегенов екенін, ол өзі тұратын Мұратбаев көшесінің бас жағында тұратынын анықтап біліпті.
Қазір Арал теңізі темір жол стансасының бұрынғы құрметті теміржолшысы Б.Жүсіпов осыдан жиырма төрт жыл бұрын пойыз апатынан құтқарған Нұрболат Көбегенов отыз төрт жаста. Үйлі-баранды. Екі перзенті, жұбайымен Арал қаласында бақытты ғұмыр кешуде. Біраз жылдан бері Құмкөл «Қара алтын» кенішінде жүргізуші болып ауысымдық әдіспен еңбек етіп, егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне өзінің лайықты үлесін қосып жүрген айтулы азамат.
Бұл күндері өзі бір кезде жоғарыдағы азаматты ажал тырнағынан арашалап алып қалған Бақытжан Жүсіпов ағамыз арамызда жоқ. Оның көзі тірісінде жасаған сол бір ерлігін көпшілік біле де бермейтін еді. Өйткені «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген сөз төркіні содан туса керек.
Кезінде болат жол бойындағы ұзақ жылдарғы еңбек жолында станса кезекшісі, вагон құрастырушының көмекшісі, аға кезекші, вокзал басшысы қызметтерін алғаусыз атқарған оның омырауында «Ерен еңбегі үшін» медалі жарқырап, аудандық кеңес депутаты болған Бақытжан Жүсіпов есімі ел жадында, ұрпақ жадында сақтала бермек.
Т.Нұржан-Балта
---
05 тамыз 2023 ж. 149 0