Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Темір жол тарланы

Темір жол тарланы

Ол жастайынан жүйткіген пойыздарға қызығушылықпен қарап өсті. Ойын баласы паровоздың «гуілін» ести салып кілт тоқтап, бар ықыласпен станциядан өткен пойыздарды тамашалап отыратын. Сол кезден-ақ темір жол саласында қызмет етуді армандады. Балалық арманынан еш уақытта қол үзбеген жан ақыры осы саланың майталман маманы атанды. Біз бүгін Арал теңізі станциясында станция бастығының орынбасары болып еңбек етіп жатқан Толыбай Өрекешов туралы айтпақпыз.

1959 жылы Арал ауданында қарапайым отбасында өмірге келген Толыбай Өрекешовтің ата-анасы балаларының болашағынан үлкен үміт күтеді. Өйткені ол жастайынан өзінің бірге өскен 5 бауырынан алғырлығымен ерекшеленген екен. Отбасында ата-ананың жақсы тәрбиесін алып өскендіктен, ол өзін қоғамда жан-жақты қырынан таныта алды.
– Әкем Әки темірден түйін түйген шебер адам болды. Ал анам Ұлдаш қазақ әйеліне тән қасиетті бойға жиған көркем мінезді, мейірімді ана еді. Әкем қызмет бабына байланысты ауданға қарасты көптеген ауылға қоныс аударып отырды. Мен де мектептегі білімді осылай әр ауылдан алдым. Бірде Бекбауыл ауылына қоныс аудардық. Бұл кезде мен 4 сыныпқа аяқ басқан едім. Сол кезде алғаш рет пойызды көрдім. Ол көрініс көз алдымда әлі күнге дейін сақтаулы. Балалық қызығушылығым мені осы мамандық иесі болуға жетеледі деп айтсам да болады, – дейді теміржолшы.
Мектеп бітірген соң алдымен әскери борышын өтеп келген Толыбай Әкиұлы ең алғаш еңбек жолын 1980 жылы Қызылорда локомотив депосында машинист көмекшісі болып бастайды. Онан соң пойыз диспетчері болып ауысады. Ол қызмет ете жүріп білімін де жетілдірді. Алматы темір жол көлігі инженерлерін даярлайтын институтын бітіріп шықты. 1993 жылы Арал теңізі станциясында станция бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды. 1997-1998 жылдары «ҚазТеміржолКөлік» АҚ Қызылорда филиалы жаңадан ұйымдастырылған болатын. Сексеуіл және Арал теңізі станцияларының тасымалдарушылар мен жүк жөнелтушілеріне басшылық етті.
– Қызмет жолында көптеген осы саланы жетік меңгерген мамандармен әріптес болдым. Олардан білмегенімді үйрендім. Енді қазір кейінгі буын жастарға өз білгенімізді үйретіп келеміз. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар. Әрине, темір жол саласына қызығушылық танытатындар көп. Дегенмен мұндағы жауапкершілік пен темірдей тәртіпке кез келген адам шыдас бере алмайды. Отбасымда мен ғана бұл саланы таңдаған жоқпын. Ізімнен ерген інім Тәпен мен қарындасым Ақзия да – теміржолшы. Ұлым Нұрлан да менің ізімді жалғап, темір жол саласында қызмет етіп жатыр, – деді Толыбай Әкиұлы.
Теміржолшылардың тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайраты қуатты Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлесін қосуда. Өйткені, айшылық алыс жерлерге аман-есен жетуде, жолаушының жол азабын азайтуда, оған қоса жүк тасымалының қарқынды дамуында теміржолшылардың темірдей тәртібі менмұндалап тұр. Тіршілігі темір жолмен біте қайнасып, темірдей тәртіпке бағынған біздің бүгінгі кейіпкеріміз Толыбай Өрекешов те 40 жылдан астам ғұмырын осы салаға арнаған білікті маман.

Н. БАҚЫРАН

31 шілде 2021 ж. 880 0