Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әдебиетке жаны жақын теміржолшы

Әдебиетке жаны жақын теміржолшы

Ол бала кезден темір жол саласында қызмет етуді армандады. Балаң қызығушылықтан туған арманы ақыры осы мамандықтың иесі етті. Қазір барына шүкір етіп, өз жұмысын тиянақтылықпен атқаратын қызметкерді әріптестері де жоғары бағалаған. Біз Арал теңізі вокзалында ішкі тәртіпті қадағалаушы кезекші болып қызмет атқаратын Зәмзәгүл Қарақұлова туралы айтып отырмыз.


Мектепті тәмамдаған Зәмзәгүл теміржолшыларды даярлайтын жоғары оқу орнына түсуді мақсат етті. Осылайша Алматы қаласындағы Қазақ қатынас жолдары университетіне тасымалдарды, қозғалыстарды ұйымдастыру және көлікті пайдалану мамандығына оқуға түседі.
– Оқуды аяқтап диплом алған соң, алғаш еңбек жолымды 2012 жылы Астана вокзал сервисінде жолсерік болып бастадым. Кейін 2017 жылы Арал теңізі вокзалына вокзал кезекшісі болып қызмет ауыстырдым. Қазір осы қызметім бойынша жұмыс істеп келемін, – деген Зәмзәгүл еңбек жолының қалай басталғаны туралы айтып берді.
Темір жол саласының жұмысы асқан жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе келіп тоқтаған жолаушылар пойызының өз уақытында келіп, жөнелтілуі, ондағы тәртіп, қауіпсіздік мәселесі кезекшілікті қабылдап алған сәттен бастап Зәмзәгүлдің жауапкершілігіне жүктеледі.
– Бізде халық қатынасын қамтамасыз ететін болғандықтан жауаптылық жоғары. Әсіресе жолаушылар пойызының қозғалысы уақытпен үндесуі тиіс. Қиындығы да жоқ емес. Бірақ сонысымен қызық. Өзімнің жұмысымды жақсы көремін. Тарихы әріден басталатын Түркісібтен бастау алған темір жол саласында жұмыс істегенімді мақтаныш санаймын. Өзімді қазақ темір жолының бір бөлшегімін деп білемін. 
Бір қызығы, Зәмзәгүл темірдей тәртіппен қатаң форма киінген салада қызмет атқарып жүрсе де, жан дүниесі шығармашылыққа жақын болып шықты. Кейде қалам тербейтін ақындығы да бар. Оның орамды ойлары жергілікті басылым мен теміржолшылардың төл газетінде жарияланып жүр.
– Менің мінезім тұйық. Көпшілік ортаны жақсы көрсем де көсіліп сөйлеп кете қоймаймын. Бар сырласым да мұңдасым да – қағаз бен қалам. Бала кезден солай болған. Уақыт көші алға жылжып, көптеген дүниелер өзгеріп, өмір ағымы басқа арнаға бұрылса да, мен бар ойымды қағаз бетіне жыр қылып төгетін әдетімді тастаған жоқпын, – дейді ол. 
         Зәмзәгүл ұжымының мерейін асырып, мақалалар дайындап, қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүреді. Өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып шығатын қасиетін әріптестері де бағалайды. Жұмысына ұқыпты, ортасына сыйлы, отбасында аяулы жар. Жан дүниесіндегі сырын ақ параққа жыр қылып өрнектеген теміржолшы, ақын қыз Зәмзәгүлдің біз таныған бар болмысы осы.

Н. БАҚЫРАН
06 тамыз 2022 ж. 721 0