Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Құқықтық көмектің маңызы зор

Құқықтық көмектің маңызы зор

Конституцияға сәйкес келетін Республиканың халықаралық шарттары және өзге міндеттемелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылады. Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін соттың қорғауын қамтамасыз етуде халықаралық шарттардың маңызды рөлі бар, сондықтан қажет жағдайларда соттар Қазақстан Республикасы юрисдикциясы шеңберінде халықаралық құқық нормаларын басшылыққа алуға міндетті.
Нақты мән-жайларды, сот төрелігі мен жалпы қоғамның мүдделерін негізге ала отырып, заңнамаға немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес соттар құқықтық көмек көрсетеді.
Құқықтық көмек дегеніміз – бір мемлекет сотының басқа мемлекеттің құзыретті органдарынан келіп түскен тапсырма немесе өтінішхат бойынша істі сотта қарау немесе сот актісін орындауды тану және шешу үшін қажетті процестік әрекеттерді жүргізуі болып табылады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында қамтылатын қағидалардан өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттардың қағидалары қолданылады. Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болмаған кезде, құқықтық көмек шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы сотының сұрау салуы бойынша өзара түсіністік қағидаты негізінде көрсетілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы соттарының шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек көрсетуі және құқықтық көмекпен жүгінуі туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының 2016 жылғы 11 мамырдағы № 6001-16-7-6/196 бұйрығымен бекітілген Нұсқаулық, Қазақстан Республикасы соттарының халықаралық-құқықтық ынтымақтастық саласында шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек көрсету және құқықтық көмекпен жүгіну тәртібін нақтылайды.
Нұсқаулыққа сәйкес, Қазақстан Республикасының Соттары соттармен және шет мемлекеттердің басқа мекемелерімен азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша халықаралық шартқа не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті орталық және аумақтық органдар арқылы өзара іс-қимыл жасайды.
Шет мемлекеттердің соттары мен басқа да мекемелерінің тапсырмаларын орындау хабарламаларды, басқа да құжаттарды тапсыруды және жіберуді, сондай-ақ өзге де процестік әрекеттерді орындауды, атап айтқанда, тараптарды, куәларды тыңдауды, сараптама жүргізуді, сол жерде қарап-тексеруді, құқықтық көмек көрсету шеңберінде орындалуы заңнамада немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта не өзара түсіністік негізінде көзделген басқа да процестік әрекеттерді қамтиды. Тапсырмалар сот отырысы барысында орындалады және хаттама жасалады.
Шет мемлекеттердің соттары мен басқа мекемелерінің тапсырмаларын, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Соттары олар келіп түскен күннен бастап бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орындайды.
Шет мемлекеттердің соттарына құқықтық көмек сұрап жүгіну тәртібіне тоқталар болсақ, тапсырмаға іс жүргізуінде жатқан судья не сот төрағасы қол қоюға және оны соттың елтаңбалы мөрімен куәландырылуға тиіс. Тапсырманың нысаны мен мазмұны Қазақстан Республикасының халықаралық шартында айқындалады, оның негізінде тапсырма жасалады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, шет мемлекеттің соттарына немесе басқа мекемесіне жолданатын тапсырма Сот әкімшілігінің аумақтық бөлімшесіне жіберіледі.
Ол тапсырманың Қазақстан Республикасы заңнамасының, халықаралық шартының және осы Нұсқаулықтың талаптарына сәйкес ресімделуін тексеру қорытындылары бойынша оны Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің құзыретті органына жібереді не анықталған бұзушылықтарды немесе кемшіліктерді жою үшін құжаттарды қайтарады.

Арал аудандық соты әкімшісінің басшысы
З.Сермағамбетова

Фото: www.gov.kz
---
20 наурыз 2024 ж. 137 0