Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ 2025: ЖАҚЫПОВТАР ӘУЛЕТІ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ 2025: ЖАҚЫПОВТАР ӘУЛЕТІ ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

Өздеріңізге белгілі, 2014 жылдан бері елімізде отбасы құндылықтарын нығайту, отбасы мәртебесін көтеру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

«Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп пайымдаған дана халқымыз сыйластық орнаған ортаға әркез бас иген, құндылықтарын қастерлеген. Адамзат баласы дүниеге келгенде ең алдымен өз отбасының жылуын сезініп, ата-ананың мейіріміне бөленеді. Тәлім-тәрбиені отбасы мүшелерінен алады.

Биыл 11-ші рет өткізілгелі жатқан байқаудың тамыры тереңде. Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына ауданнан 9 отбасы қатысып, солардың ішінен Жақыповтар әулеті жүлделі І орынға ие болған. Облыстың кезеңге жолдама алған бұл отбасы бүгін ұлттық байқаудың облыстың кезеңінде де жүлдегер атанды. Яғни, байқаудың аймақтық кезеңінде бақ сынаған бақытты жанұя жүлделі І орынға қол жеткізді.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, отбасылық құндылықтың маңызы мен тәрбиелік тағылымы туралы орамды ойын жеткізді. Сондай-ақ республикалық кезеңге жолдама алған отбасыларды марапаттады.

Айта кетейік, Жақыповтар әулетінің отағасы Жұмабай Жақып жазушы-журналист, сазгер, Қазақстан Журналисттер одағы сыйлығының лауреаты, ауданның Құрметті азаматы. Ал отанасы Мария Өтегенқызы 5 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана, 13 немере сүйіп отырған асыл әже.

Әулет иесі Жұмабай Жақып журналистика саласының ардагері. Ол Қазалы, Сырдария, Арал аудандық газеттерінде корректорлықтан бастап жауапты хатшы, облыстық телерадио компаниясында жауапты редактор, облыстық «Сыр бойы» газетінде меншікті тілші қызметтерін атқарып, аудандық «Толқын» газетінің редакторы қызметінен зейнеткерлікке шықты.

Жұмабай Жақып әлі де қоғамдық жұмыстан қалыс қалған емес, ол бүгінде аудандық Зейнулла Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестік төрағасы, аймақтық «Арал әлемі» газетінің құрылтайшысы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисті. Сазгер-күйші Жұмабай Жақып оннан астам әдеби кітаптың, отызға жуық ән-күйдің авторы.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

---
19 қыркүйек 2025 ж. 66 0