Желтоқсаншы жұп
...Екеуі де еңбекке ерте араласты. Отағасы алғашында білім саласына бет бұрғанымен, бертін келе мемлекеттік қызметтің тізгінін қақты. Әлі де сол көптің қамын күйттейтін жауапты істің басында. Ал отанасы болса жергілікті жердегі білім ұясында өлшеусіз еңбек етіп, болашақ иелерінің саналы азамат болып, қоғамнан өз орнын табуына теңізге құйған тамшыдай үлес қосты...Үстіміздегі жыл тарих қатпарында қара әріппен жазылған ызғарлы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл болуымен ерекшеленеді. Ерекше деп сол бір қазақ жастарын қырғынға ұшыратқан кезді айтудың өзі қисынсыз шығар. Бірақ өткен күнде белгі бар екенін ешқашан естен шығара алмаймыз. Кейіпкерлеріміз Мұқансерік Қуандықұлы мен Мереке Жылқайдарқызы туралы еді. Бас тақырып айқындап тұрғандай, желтоқсаншы қос жұп арманға қанат байлап, Алатау бөктеріндегі әсем Алматыға мақсат қуып келген-ді.
Желтоқсанның біріне-бірі ұқсамайтын күндері сырғып жатты. Сымбатты қыз бен сабырлы ұл үлкен шаһардағы білім ордасында маңдайы керек қарыс ұстаздардан дәріс алып, өздері таңдаған мамандықтары бойынша білім нәрімен сусындай берді. Сондай мамыражай күндердің бірінде бодандық бұғауынан босануға ұмтылған жастардың «Елім-айлаған» үні жаңғырып, арлы қыздар мен намысшыл жігіттер түгел дерлік алаңға жиналды. Сап түзеген жас буын қол ұстасып, ұлттық мүддені ұрандата талаптарын жеткізіп, қазақтың қандай ұлт екенін барша жаһанға паш етті. Солардың арасында сөз басында атап өткен Мұқансерік пен Мереке де бар еді.
Заман өзгерді. Қоғам басқаша қалыптасты. Ата-баба аңсаған еркіндіктің ақ таңы атып, тәуелсіздіктің көк туы биікте желбіреді. Міне, содан бері қаншама өзен ағып, талай тас мүжілді. Алтай мен Алатауды алып жатқан ұланғайыр маңдалада салтанаты келіскен мамыражай күн туды. Мұның барлығында да бастарын қатерге тігіп, ызғарлы Желтоқсан желіне ықпай, сірескен сеңді сетінетуге атсалысқан азамат пен азаматшалардың қайсар мінезі себеп болғанын төрткіл дүние мойындады. Кремль күмілжіді. Одақ омақаса құлады.
Сол күндердің куәгері Мұқансерік Әлішев 1965 жылы Сайғонды ауылдық кеңесінде дүниеге келді. Аралдағы №177 орта мектебінде оқып, қияға қанат қомдады. Алғашқы еңбек жолын Тоқабай ауылдық орта мектебінде бастаған ол өзінің жауапкершілігінің нәтижесінде сатылап өсті. Қай іске де жанашырлықпен қарап, тапсырмаға тиянақтылығымен танылған Мұқансерік Жіңішкеқұм округ әкімшілігіне қызмет ауыстырды. Әдепкіде аталмыш округ әкімдігінің маманы, бас маманы атанып, елмен етене араласудың қыр-сырын жетік меңгерді. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған шаралардың оңынан бітуіне тынымсыз тер төкті. Соның жемісі шығар, 2007 жылдан бастап Жіңішкеқұм ауылдық округінің әкімі атанды.
Әкімдік қызметте де, әріптестер арасында да абыройымен танылған Мұқансерік Қуандықұлы 2010 жылы «Жылдың үздік әкімі» номинациясымен марапатталып, «Мемлекеттік қызметтің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Жұбайы Мереке Әлішева – ұлағатты ұстаз. Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтын тәмамдаған. Химия пәні бойынша шәкірттерге дәріс берген Мереке 2021 жылы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медалін алған. Нағыз педагогке тән қажырлы еңбектің үлгісін көрсеткен мақтаулы мұғалім әр шаңырақтың үкілі үміттеріне жол сілтеп, келешектерін көрікті қылуға аянбай жұмыс жасады.
Желтоқсаншы қос жұп та қазіргі таңда ауылдастарының ортасында. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған екеуінің еңселері биік. Өйткені Желтоқсан дүрбелеңінде тізесін дірілдетпей, мұздай қаруланған қаһарлы әскерден қаймықпағандардың қатарында жүрді. Бірі мемлекеттік қызметші, енді бірі мақтаулы мұғалім болған шаңырақты ауылдастары да құрмет төріне көтереді. Өйткені олар егемен ел атанып, тәуелсіздік тұғырын тұрғызуға сол бір сұрапыл шақта бастарын қатерге тіккен жандар.
Абай Елеш










