Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Желтоқсанда елдің жайын жоқтаған

Желтоқсанда елдің жайын жоқтаған

...Қашан көрсең де елгезектігімен көпті өзіне баурайды. Қанынан адалдық пен қайсарлық байқалады. Өжеттігі өн бойынан жетіп-артылады. Іскерлігі де талай жанды таңғалдырған. Иә, біз тақырыпқа арқау еткен Сұлтан Елубаев осындай жан. Бекерден бекер азамат туралы сөз сабақтағанымыз жоқ. Ол осыдан 38 жыл бұрын желтоқсан көтерілісіне қатысып, асқақ рухпен замандастарымен иық тіресе азаттық алуымызға теңізге құйған тамшыдай үлес қосқан. Кейіпкеріміз 1969 жылы барша тілеулестерін қуанышқа кенелтіп, жарық дүние есігін ашқан. Ерте есейген жеткіншек №15 қазақ орта мектебінде сапалы білім, саналы тәрбие алған. Асқақ арман жетегінде Алатау баурайындағы әсем қала Алматы қаласына мақсат қуып, оқуға аттанған. Осындағы есеп-кредит техникумына оқуға түскен 17 жастағы бозбала аталған білім ордасында да қатарластарының алды болды. Өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған техникумда ұлттық намысты бәрінен жоғары қойып, қазаққа тіл тигізген базбіреулерді сабасына түсірді. Бірге оқыған жерлестері оған арқа сүйеді. Өйткені, Сұлтан күрзі жұдырықты жалындаған жігіт еді. Балалық шақтағы спорттың бокс түрімен шұғылданғаны студенттік кезде де зор пайдасын тигізді. Тепсе темір үзетін жігіт көрінгенге соқтығыспады. Тек аралдық бойжеткендер мен қатарластарының қамқорын соқты.
Қиын-қыстау кез. Жақсыны да, жаманды көрген Алаш жұрты сексен алтыда сергелдеңге түсті. Оны айтып жаңалық ашқандай болмай-ақ қояйық. Шындығында қазақ елі не істерін білмей қалды. Бұл жайында Сұлтан Елубаев ағамызбен сөйлескенімізде, ол жанды жабырқататын күн туралы төмендегіше ой өрбітті:
– Қазақ елі бас көтеріп жатыр деген сөзді естіп, 17 желтоқсан күні сыртқа шықтық. Жатақханада бақылау қатты. Вахтерлар әрі ізімізді аңдып отыр. Алайда орайын тауып, алаңға қарай бет бұрдық. Онда Алматының Поршень, Киров зауытының жігіттері шығып келе жатқанын аңғардық. Артынша, айдарынан жел ескен жігіттер төбелесі бастап кетті. Біз де сыртқа шығуға ұмтылғанымызбен, мұғалімдер жібермей қойды. Қысылтаяң шақ, не істерімізді білемей, әбігерге түскен біздерді қазақ жігіттерінің асқан ұйымшылдықпен айтқан сөздері қанаттандырды. Яғни, олар біздер мұндай қорлыққа көнбейміз. «Бір  жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұмыла тойтарыс береміз деп жатты. Ертесіне Отанға деген асқан сүйіспеншілік жетегіндегі жастардың қатарына біз де қосылдық. Сол кезде Аралдың тумасы Еламан Әбдіреевпен кездесіп қалдым. Оның да жанарынан от ұшқындап тұр. Орталық алаңға кіру оңай болмады. Үлкен алаң жастарға толған. Арасында қыз балалардың көптігін оңай аңғарасың. Мен де қаракөз қандастарымыздың қамын күйттеп, ізіне ерген күйде алаңға кіріп кеттім. Сол шақта әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні шырқалып тұрды. Ол бір айтуға ауыз бармайтын жағдай-тұғын. Бірінен соң бірі алаңға ентелеп келген өрт сөндіру машиналары жастардың қатарын сирету үшін оқтын-оқтын мұздай су шашып, бетін қайтаруға тырысты. Дегенмен, намысшыл бозбалалар олардың бұл әрекеттерін шыбын шаққандай құрлы көрмеді. Талаптарын айтып, өзіміздің қазақтың перзенті елге басшылық қылуы тиіс деп ұрандады. Айтатыны жоқ, қатты екпінмен шашылған мұздай суда өрімдей жастардың допша ұшқанын көрдім. Енді бір кезде замандастарым қазақ милиционерлерімен ұстасып, артынша кең сыйымды автобустарға кезек-кезегімен тиеліп жатты. Олардың көбін Ташкенттен келген әскер солдаттар бізге беймәлім бір жаққа алып кетті, – деп ауыр күрсіне сөзін сабақтады.
Осы жерде Сұлтан өзінің әбжіл қимылына салып, бокстағы білген-түйгенін пайдаға асыра алғанын айтпасқа болмас. Бір топ жігіттердің ауыр жүк көлігін жұмыла көтеріп, аударып тастағаннан кейін Аралдың атпал азаматы қаншама соққыға шыдас беріп, еліктің лағындай жас қыздарды ашкөз орыс солдаттарының қармағынан құтқарғанын тілге тиек еткеніміз ләзім. Осы жерде сол көрініс жайында баяндаған Сұлтан тағы да бір ойында қалған естеліктерімен бөлісті:
– Мен солардың қатарында болдым. Қорғансыз қыздарға араша түстім. Өзімнің бас амандығымды емес, солардың саулығын ойладым. Солдаттар қуған шақта алдымен қаракөздеріміздің амандығын тіледім. Бәрі көзді ашып-жұмғандай көрініс-тұғын. Алаңға барғаныма өкінбедім. Қайта  қазақтың жоғын жоқтағаныма қуандым, – деді.
Елбасына күн туған қиын-қыстау шақта жүрегі жұртым деп соққан азаматтар күн-түн демей, желтоқсанның ызғарлы желін елемей, алаңда жүрді. Қаншама қаракөздеріміз соққыға жығылып, мұз үстінде сүйретіліп жатқанда бойында қазаққа тән намысы бар жігіттер кеңес әскерінің сойылына төтеп беріп, өз мақсаттары жолынан қайтпады. Қазаққа өзге ұлттан басшының қажеті жоқ, ұлттың жайын тек кана ана тілде сөйлейтін, халықтың қамын күйттейтін басшы керек деп ұрандады. Сірескен әскер жанарларынан от ұшқындаған ұл-қыздардың екпінін қайтаруға қақаған қыста су шашып, әбігерге салғаны тарихтан мәлім. Оны қайталап айтудың да қажеті де шамалы шығар. 
Сұлтан Елубаев екі күн бойы алаңға шыққан бейбіт шеру жаншылып басылған соң, қайтадан өзі оқитын техникумға сең соққан күйі оралды. Өйткені, озбырлардың іс-әрекетін көзбен көріп, біразға дейін ес жия алмай қалған-ды...
Арада қаншама айлар сырғыды. Алаңға шыққан студенттер бірінен соң бірі тергеліп жатты. Техникумға қайтып соқпаған Сұлтан қаншама жасырғанымен, құрығы ұзын совет жендеттерінің ақыры тығырыққа таяйтынын ұқты. Артынша,  әскерге шақыру қағазын алу бойына азаматтық борышын өтеуге аттанды. Аманғос Есмұрзаевтай ұстаздан үйренген бокс тәсілдері армияда да кәдеге асып, қазақтың спортшы ұланын командирлер дүркін-дүркін додаға қосты. Германия, Польша елдерінде жекпе-жекке шығып, жеңіс жалауын желбіретті. Бұл туралы Сұлтан былайша әңгімелеп:
– Алматыда жүргенімде белгілі боксшы Жандос Көкеев деген ағаммен танысып, сол кісі Есмұрзаевтан алған тәлімімді әрі қарай шыңдаудың қажеттігін ойыма салды. Содан мейлінше жаттығудан қол үзбеуге тырыстым. Кейбір жарыстарға секундант болып жүрген кезімде Аматыда беделі асқақтап тұрған Жандос ұстазым талай мәрте милиция тергеушілерінен алып қалды деп өткен күндерден сыр шертеді.             
Жалпы, желтоқсанда сарсаңға түскен жастар көп. Сондай жағдайды Сұлтан Елубаев та бастан кешті. Оның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мазасын қашырып, ұзақ уақыт ізіме түсті. Тізімде тұрғанын оқтын-оқтын алға тартып, келешегіме кедергі келтірді. Бірақ мойымады. Әупірімдеп жүріп өзі оқыған техникумда қолды болған құжаттарын қайта рәсімдеп алды. Сөйтіп, банк саласында алғашқы еңбек жолын бастады. Тәуелсіздік алған жылдары банктер божырап, қай саланың да қиюы кете бастағаны көпке мәлім. Сол уақыттарда Сұлтан нарыққа бейімделіп, туған жерде әдепкілердің бірі болып, «Дінбайқожа» фотосалонын ашты, пластик терезе жасады. Нақтысы, уақытпен үндесті, әр жылмен бір көшті. Бүгінгі таңда «Еламан Әбдірев атындағы Аралдың желтоқсаншылары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде әр жақтағы тарыдай шашырап, желтоқсанның куәгері болған замандастарының басын қосты. Бұл жайлы сұрағанымызда ол:
– Арал өңірінен шығып, желтоқсан көтерілісіне қатысқандар жүзден асады. Бүгінгі күні ауданда 30-дың үстінде желтоқсаншы бар. Барлығы дерлік Отанға деген асқан сүйіспеншілікпен жалындай жас кезінде солақай саясаттың теперішін көргендер. Замандастарым кемел келешекке деген көзқарастарын жоғалтпай, қоғамнан өз орнын тапқанына қуанамын. Аудан басшысының да желтоқсаншыларға деген құрметі ерек екенін сезінгенде шаттанамын. Өзге желтоқсаншылар да мемлекеттің қамқорлығын, қолдауын көріп келе жатқандарын асқан ризашылықпен айтады.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ
17 желтоқсан 2024 ж. 65 0