Кісілік келбеті көркем, алғыс алған тек елден
Жазу үстеліне отырғанда тақырыпқа арқау еткен адамның бітім- болмысына бірінші кезекте үңілесің. Оның кісілік келбетін зерделейсің, жүріп өткен жолын бағамдайсың. Теңіз төскейіндегі еңбек адамдары арасынан батыр да, әулие де, ел басқарған болыс та шыққанын айтудайын айттық, жазудайын жаздық. Сонау шығармаларын әлем мойындаған Әбдіжәміл өскен өлкеде қарапайым қызметтен абырой биігінен көрінген жайсаң жандар жетерлік екенін сезгенде іштей сүйсінесің, соларды үлгі тұтып, біз де осындай аға бар деп ауыз толтыра айта аласың.
Дәл осы жерден сәл шегініс жасасақ. Сонау 1943 жылдың мамырында Ердіхалық ақсақалдың отбасы ұлан-асыр қуанышқа кенелді. Үш дәуірдің куәгерінің көргені көп-тұғын еді. Әкеден жастай жетім қалған ол Көкарал елді мекеніндегі әулетіне атқамінер келгенін жақсылықтың нышанына балады. Ал асау толқынмен ерекшеленген қойнауы құтты жердегі теңіз тереңінен су маржанын сүзген жұртшылық бір-бірінен сүйінші сұрасты. Қиын кезең, жоққа көнетін заман, барға шүкірлік қылатын шақ еді. Зерек ұл ерте есейді. Аяулы қос шынарының айтқанын екі етпей өсті. Арманы асқақ жеткіншек №22 Ауан орта мектебінде білікті мұғалімдерден сапалы білім, саналы тәрбие алып, аталмыш білім ұясынан қияға қанат қомдады. Мұнан соң, антына адал жігіт Отан алдындағы борышын Кеңес Армиясы қатарында өтеп, оралғаннан кейін Арал қаласындағы ауылшаруашылық кәсіптік училищесінде тәлімгерлер қатарында қайталанбас жастық шақтың көрігін қыздырды. Арман алысқа бастайтынын қаршадайынан ұғынған Қуанышбай мұнымен тоқтап қалмады. Алатау баурайындағы Алматы Энергоқұрылыс техникумын және Ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады. Ғибратқа толы ғұмыр осылай бастау алды. Еңбекқор, шаршауды білмейтін ағамыз 1970 жылдан бастап Арал аудандық электр жүйесі мекемесінің диспетчері, мастері, инженері қызметтерін бастан өткеріп, бұл саланың ыстығына күйіп, суығына тоңды. Мұнан кейінгі сүрлеу жол қалай даңғылға айналғандығы көптің көз алдында.
Иә, кейіпкеріміз Қуанышбай Ердіхалықұлы тура жолдан таймаған, әр ісін елге арнаған арда азамат. Өр тұлғалы Ердіхалық ақсақалдың өзіндей әрі көзіндей жан әркез әке аманатына адалдық танытты. Мәпелеп өсірген қамқоршысының тірісінде «е-е, балам, жүк ауырын нар көтермек. Нендей істе де шыдамдылық таныт. Түйенің шөккені – болдырғаны. Тіршілікте шамаңды біл. Жұртшылықтың алдына шығуды қажет етпе» деген өсиетін жадына тоқып, болашақты осы қағидамен байланыстырды.
Хош. Аудандағы үркердей ғана зиялы қауым қатарынан көрінген Қуанышбай ағамыз бірнеше мәрте аудандық мәслихат мінберінен табылып, сайлаушылардан лайықты бағасын алғаны аралдықтарға мәлім. Сертке мығым ол сенімге селкеу түсірген жоқ. Маңызды мәселелерді май шаммен қарады. Алдында жатқан бума-бума құжаттарды екшеді, тұрғындарға пайда тиюін көкседі. Содан да шығар, халық қалаулысы ретінде өзгелерден дараланып, жемісті жұмысы оңынан бағаланды. Жабыққанның жанынан, қамыққанның қасында жүрді. Жетімді жебеді, сүрінгенді демеді. Соғыс, тыл ардагерлерін қолдап, сүйемелдеуде алдына жан салмады. Бір сөзбен айтқанда, Арал перзенті Сыр өңіріндегі ойы озық, жүрегі жомарт замандастарының алдыңғы сапында тұрды. Қолда барда тапқанын басып емес, сұңқарша шашып жеді. Әлі де солай...
Туралықты ту етіп, ақиқат алдаспаны саналған Қуанышбай қай кезде де туған жердің шынайы жанашыры екенін дәледеп, аудан экономикасының өркен жаюына қолдан келгенше үлесін қосты Қалың бұқара бұл кісіні тұрлаулы тұлға деп танып, қарымды қайраткер деп қадірледі. Тоқырау заманында облыс орталығының өзінде электр энергиясына тапшылық сезіліп, кезекпен жарық беріліп тұрған тұста Арал осы бір сындарлы кезеңнен қысылмай шықты. «Жақсының жарығы алысқа түседі» деген осы. Елдің жайын бірінші кезекке қойған азамат баратын жерге барды, алатын жерде алды. Биік беделі мен көшбасшылық қасиетінің арқасында Қызылорда, Павлодар, Қарағанды және Екібастұз қалаларындағы электр энергиясын өндірушілердің сұранысына сәйкестеп, қолда бар құндылықтармен берешекті шегеру барысында біз сөз еткен сала саңлағының тәжірибесі негізге алынып, пайдаға асты. Яғни, нарық әлемі көзі қарақты, көкірегі ояу Қуанышбайды мұнан әрі пысытып, үлкен тәуекелдерге бастады. Алға қойған мақсат қолпаштай арқадан қақты.
Қазақ десе өзімізге тиеді емес пе? Тоқсаныншы жылдардың бас жағында оңай олжаға құнығып, бас пайдасына асыруды көксегендер көбейгенін қалай жасырамыз. Бұл уақытта қайта өрлеудің қалаулысы атанған Қуанышбай таңды-таңға ұрып, тынымсыз әрекет жасады. Электр қуатын ұрлаудың алдын алып, мыңға тарта пиғылы арамдардан айыппұл өндірілді. Сөйтіп, аудандық электр жүйесінің жиырмаға жуық қызметкерден тұратын абонент бөлімі жасақталып, нәтижесінде жаңа құрылым ретінде іске кіріскен «Дәулетэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі уақытылы төлемді қалыпқа түсірді. Аудан мүддесі үшін атқарылған бастама алғашында соқтықпалы соқпақты өткелдерден өткенімен, бертін келе бір арнаға тоғысты. «Дәулетэнерго» мекемесі облыстағы осы бағыттағы серіктестіктердің ішінен үлгі тұтуға жарады. Әрине, айтуға оңай. Жүйелі жұмыстардың артында қаншама төгілген тер, өлшеусіз еңбек жатты...
Міне, жоғарыда атап өткеніміздей, Қуанышбай Ердіхалықұлының талапшылдығы көптеген мекеменің қарыз күрмеуін шешті. Нақтырақ тоқталсақ, энергетиктер қауымы ұйымдастыру қабілеті ерек азматты өздеріне үлгі тұтты. Өндіріс базасын қалыптастырып, кіріс көзін әріден іздеген азаматтың белсенді әрекеті үлкен-кішіні тәнті етті. Бәзбіреулерше құлқын қамын күйттемей, әділдікке тік қарады. Бағыныштылыққа мойын бұрмады, маңғаз қалпынан танбады. Арал, Қазалы аудандарында жұртшылықты жарықпен қамтамасыз етуге бар ынтасымен іс қылған ардақты аға мәдени-рухани шаралардан да қалыс қалмай, қос кітапқа жүк болған құнды дүниелерді де жинақтады. Сөйтіп, «Тарихы кенен Көкарал» және «Құтты шаңырақ» атты туындыларды жарыққа шығарып, өткенді зерделеді. Атап айтсақ, онда баба мен туған құрмет – ұрпаққа міндет екені жан-жақты қаузалып, өсіп-өнген өлкенің тарихы жайында кеңінен сыр тарқатылды.
Көшелі азамат Ердіхалық әкесімен ақ сүтімен исінткен Зейнегүлдей анасының рухына ұдайы мінәжат етіп, Тәңір қосқан жұбайы Патшайы екеуі құдайға да, патшаға да өкпе артпаған ғажайып жандар ретінде танылды. Қуанышбай ағамыз бала тәрбиесіне де айрықша басымдық берді. Жұбайы Патшайымен бірге үкілі үміттерінің ертеңін еңселі, болашағын баянды, келешегін кемел етуге бар күш-жігерлерін жұмсады. Ешкімнің ала жібін аттамауға үндеп, бар уақытта үлкеннен бата алуға үйретті. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, қолды жылы суға малудың арты неге апаратынын көңілдеріне тоқыды.
Өмір болған соң күнгей мен көлеңке, жақсылық пен жамандық,қуаныш пен қайғы қатар жүретіні бесенеден белгілі. Осыдан бірнеше жыл бұрын алтын құрсақты ана, алты перзенттің аяулысы жарық дүниемен қош айтысып, Алланың ісіне амалсыз көндіккен аға отанасын қаншама асылдар жатқан қара жер қойнына құндақтады.
Иә, «орнында бар оңалар» дейді қазақ. Шүкір, қазіргі таңда шаңырақтың тірегі сексеннің сеңгіріне шықты. Ердіхалық ақсақалдың батасы дарыған мерейтой иесі қазіргі таңда ұлы Жұмабек пен келіні Майяның қызығына кенеліп, немере-шөберелердің ортасында мамыражай күй кешіп отыр.
Жалпы, ғибратты ғұмыр иесі Қуанышбай Ердіхалықовтың адамгершілік парасаты әрі ақ пейілі басқамен салыстырғанда жер мен көктей екенін көпшілік жақсы сезінді. Кешегісі мен бүгініне дейінгі толымды тірлігін, жарқын ісін бір мақалаға сыйғыза алу мүмкін емес. Әріден қамтысақ, жүрегі елім деп соққан дарабоз жанның өмір өрнектерінде айтатын да, жазатын да, көрсететін де жәйттер жетіп артылады.
Осыдан үш жыл бұрын. Арал ауданының айнасына баланған төл басылым «Толқын» газетіне 90 жыл толуына орай газеттің жанашыры ретінде Қуанышбай ағама қаржылай қолдау көрсету үшін қолқа салғаным бар-ды. Меселімді қайтармады. Уақытпен үндескен редакцияның патша көңілді оқырмандары үшін орны бөлектігін тілге тиек етіп, тілшілер қосынына тілеулестігін білдірді. «Жақсы ел ағасыз болмайды, жақсы тон жағасыз болмайды» дегендей, жақсы кісінің шерепетіне ішіміз жылыды.
Ауданда тәуелсіздікті тұғырлы етуге, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуге атсалысқан Қуанышбай Ердіхалықов жайлы замандастарының бірі Зияғаладин Өтенов былайша ой түйіп:
–Қуанышбайдың өмір жолына қанықпын. Теңіз қолтығындағы Көкаралда туып өсті. Аталған мекендегі жатағандау келген білім ұясы қаншама жастарды баптап қатарға қосты. Барлығы дерлік қоғамнан өз орнын тапты. Әркім әлінше ел дамуына теңізге құйған тамшыдай үлес қосты. Олардың арасынан досым Қуекеңнің орны бөлек. Аудан шамын жағушы өз ісін сүйді. Саладағы барлық процеске қолтаңба қалдырумен қатар, партия жұмысына да етене араласты. Нарық өткелінде қараңғылық құшағында қалған Арал ауданына сәуле төкті. Сыр бойы энергетиктері арасында беделі айшықталып, облыс көлемінде электр қуатын пайдалану межесінде алға өрледі. Ердіхалықов басқарған «Дәулетэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үнемі игілігі мол істерді халық игілігіне жаратты. Депутат болған тұста Қызылжар ауылындағы үлкен мәселеге айналған ауызсуды реттеуге, Шөмішкөлдегі мектеп жанынан стадион салуға және тұрғындар қажетіне саябақ жасауға қолұшын созды. Аманөткелді де айналып өтпей, ондағы проблемаларды шешуді сессия мінберінде жиі көтерді, – деп ізгі лебізін білдірді.
Рас, көшбастар аға туралы сыр суыртпақтасаң, осындай көңілге қонымды оң пікірлерге қанығасың. Бейнеттің зейнетін көру екінің бірінің пешенесіне жазылмайтын бақыт. Әсіресе, әдемі қартаю. Біз тақырыпқа арқау қылған ел ағасы жігіттіктен ардагерлікке осылай асқақ абыроймен жетті.
Сексенге міне жеттіңіз,
Белестен талай өттіңіз.
Болмысыңызбен іскерлік,
Елге сәуле төктіңіз.
Арылмасын бастан бақ,
Қайырлы ісің ақталмақ.
Өлшеусіз еңбек, ел білді,
Жұртың сізбен мақтанбақ.
«Толқынның» осы тілегі – халқыңыздың тілегі. Аман болыңыз!
Абай ЕЛЕШОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі