Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың алғашқы асабасы еді

Аралдың алғашқы асабасы еді

Өткен шақтан сөз сабақтасақ, бір кезеңдердегі қоғам бейнесі көз алдыңда көлбеңдейді. Тоқсаныншы жылдардың басында абдыраған халық келешекке күмәнмен қарағаны рас. Енді қайтсін. Өндіріс ошақтарының жұмысы құрдымға кетіп, аузын айға білеген совхоздардың шаруасы шатқаяқтап қалды. Іргелі мекемелердің есігіне қара құлып салынып, жаппай жұмыссыздық белең алды.
Мұны не ұшін айтып отырмыз. Сол кезде арманы асқақ, қиялы қарышты жастар ата-анаға масыл болудың жолына түспей, қайткенде перзенттік борышты өтеудің көзін қарастырды. Солардың бірі де бірегейі – Айбек Есмағамбетов еді. Тек бір өкініштісі, Аралдың алғашқы асабасы атанған асыл азаматтың айтулы еңбегін барында емес, жоғында жазып отырмыз. Осынау жайсаң жанның ғибратты ғұмыры мезгілсіз үзілді...
Иә, бас тақырыпқа қайта оралсақ, Айбек Есмағамбетов Әуезханұлы 1973 жылы өткен жылмен қоштасып, жаңа жылмен есендесетін кезде жарық дүние есігін ашқан. Барша жанашырларының көз қуанышына айналған перзент бала кезінен-ақ алғыр болды. Тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген әке мен шешенің қамқорлығы зерек ұлдың өресін кеңейтті. Сөйтіп №83 орта мектебінде саналы тәрбие, сапалы білім алды. Білім ұясында жүргенде де ұстаздарының мақтанышына айналған шәкірт 1990 жылы қияға қанат қақты.
Кез келген жастың Абайша айтқанда «бір кірпіш болып қалануы» ниетті екені бесенеден белгілі. Біз тақырыпқа арқау еткен кейіпкеріміз де қоғамнан өз орнын табуға бет бұрған еді. Солай болды да. Ол 1990 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің мәдени-ағарту жұмыстары факультетінде дәріс алып, әуесқой театр ұжымның жетекші, режиссер мамандығын еншілеп, туған жеріне үлкен жаңалықпен жетті. «Екі қолға бір күрек» табыла бермейтін шақ. Айбек солай екен деп қарап жатпады. Оңтайлы тұста университетте көргенін, көңілге түйгенін той басқару ісіне бағыттады. Талай шаңырақ көтерген жас жұбайлардың қуанышында кестелі сөзбен ақ тілектің тиегін ағытты. Үлкен-кішінің ықыласына бөленгені сонша, сұранысқа ие асабалардың қатарынан табылды.
«Ізденген жетер мұратқа» дегендей, шығармашылық қабілетімен дараланған азамат 1997 жылы аудандық мәдениет үйінде әдіскер, артынша мәдени-демалыс кешенінің қызметтерін асқан жауапкершілікпен атқарды. Алмас қылыш қын түбінде жатқан ба. Жаңа ғасырда, яғни, 2000 жылы Арал аудандық кино-бейне қызмет көрсету мемлекеттік мекемесінің директоры ретінде халықтың оң ықыласына бөленсе, 2004 жылы аудандық мәдениет үйінің директоры лауазымына көтерілді. Сондай-ақ Айбек Есмағамбетов мемлекеттік қызметтегі біліктілігін аудандық ішкі саясат бөлімінде бас маман ретінде шыңдады. Атпал азаматтың жемісті өмір жолы 2012 жылы Арал аудандық тарихи-өлкетану музейіне қарасты балықшылар музейінің ғылыми қызметкері жұмыстарымен сабақтасты.
Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын, Тәуелсіздіктің 10 жылдық мерекелік медалінің иегері бола білген Айбек қаншама рет облыс, аудан әкімдерінің қолынан Алғыс хат алып, өзін де, өзгені де марқайтты. «Үздік сценарист», «Үздік конференц», «Үздік мәдениет қызметкері» номинацияларының аталымына лайықты деп танылғаны өз алдына бөлек әңгіме.
Аралдық ақын Жарасқанның өміршең өлең жолдары бар. Онда Тәңір аузына сөз салған жан былай дейді:
Кім едік, қандай едік, халық таныр,
Әйтеуір ұмтылғанбыз жарыққа бір...
Үстінде асыр салып жүрдік біраз,
Жер деген адамзатқа алып қабір...
Шындық осы. «Орнында бар оңалар» дейді қазақ. Шүкір, адал жары Қанағат бес перзентін аманаттаған әкенің орнын жоқтатпас. Алайда қаншама марқасқалар сол алып қабірде құндақталғаны өкінішті өртейді. Аңсайсың, сағынасың. Өмірі өнеге Айбекті де іздеп, мақала жазуымыздың түпкі төркіні осында жатыр.
А. ҚАРЫМСАҚ 

31 қаңтар 2023 ж. 291 0