Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмір жолы өнеге

Өмір жолы өнеге

Бес күндік пәниде жүрген ортасында мағыналы із қалдырған адамдар ұшырасады. Оларды ұмыту әсте мүмкін емес. Тірлігінде сөйлеген сөзі мен істеген ісі ауық-ауық еске түсіп,  өйткен еді, бүйткен еді деген жүрекке жылы тиетін сөздерді естіген ұрпағы Тәңірге мың да бір шүкірлігін айтып, марқайып отырады. Парасаттың шынар шыңына шыққан, яғни, жоғарыда кескіндегеніміздей кісі екеу болса, бірі біреу болса өзі Темірхан Жандәулетов еді.  Хош, осы жерден әріге тоқталсақ...  Соғыстың зардабы әлі басыла қоймаса да, ел енді-енді өзіне келе бастаған кез. Темір жол саласында тынымсыз еңбек етіп, қоғам дамуына өлшеусіз үлесін қосқан Қуантқан мен Зибагүл сынды қос асылдың шаңырағына жаратушымыз баға жетпес тарту табыс етті. Нақтысы, ата-ананың жүрегіне қуаныш ұялатқан атұстар шыр етіп жарық дүние есігін ашты. Ол – Темірхан болатын. Ақылшы қос шынарының еңбекқор болмысын бойына сіңірген жеткіншек есейе келе тілалғыштығымен дараланды. Үнемі үлкендердің батасын алып, алғысын арқалаған ол өз қатарластарының алдынан көрініп,  жанашыр жандарына сөз келтірмеді. Бауыр еті баласының түрлі жұмыстың да көзін танып, еңбекке төселгенін жақсылықтың нышаны деп білген ата-ана ізбасарларының келешегін көрікті етуге бар мүмкіндіктерді қарастырды. Сөйтіп, арманы асқақ ұлдарының болашағын баянды етуге жан-жақты жол ашты. Қайталанбас балалықты артта қалдырып, жігіттік кезеңге де үзенгі салған Темірхан №13 Т.Г. Шевченко атындағы білім ордасындағы ұстаздардан сапалы білім, саналы тәрбие алып, қияға қанат қақты. Үлкендер қуаныштан шаттанды. Тепсе темір үзетін жігіт алтын ұя мектепті тәмамдаған соң, Отан алдындағы борышын атқару мақсатында Кеңес Одағының Қарулы Күштері қатарында мінсіз қызмет қылып, онан сайын шыңдала түсті.
Командирлер тарапынан берілген әр бұйрықты бұлжытпай орындап, антына адалдық танытқан солдаттың беделі осылайша әр күн сайын асқақтай берді. Казармадағы қаруластарының алдында үнемі мерейі тасып жүрген Темірханға екі жыл екі айдай өтіп, бас қолбасшы бұйрығымен өсіп-өнген өңіріне оралатын күн де таяды.
Әркімге туған жері мысыр шаһары. Масылдық әдет қанында жоқ Темірхан Жандәулетов елге келген соң қарап жатпады. Қоғам жұмысына белсене араласты. Алғаш рет еңбек сүйгіш жанның қызмет баспалдағын растайтын құйтақандай кітапшаға «Приарал» совхозы басшысының қолы қойылып, мөрі басылды. Кеңес дәуірінідегі мал шаруашылығының кеңінен өркендегені баршаға мәлім. Аталмыш саланың көкжиегін кеңейтуде Темірхандай нағыз майталманның орны ерекше екені сол дәуірде айқын аңғарылып тұрды. Қуантхан қарттың көзіндей әрі өзіндей  ұлының қарым-қабілеті қашанда оң бағаланып, жүктелген жұмысты жандандырудағы әр қадамына қолдау көрсетілді. Нақтысы, жұмыс беруші де, жұмыс жасаушы да ортақ мүдде жолында түсіністі, ұғысты.
«Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген сөз бар. «Адам болар жігіттің жары өзіне лайық, керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық» демекші, Аралдың айдай сұлу аруы Айсәулемен жүрек жарастырып, кіршіксіз таза сезім жетегіндегі екі жас отбасын құруға шешім қабылдады. Бұл 1972 жыл-тұғын. Жарасымды жұптың бастан кешкен тәтті күндері балалы болу бақытымен жалғасып жатты. Әке деген қасиетті есімді еншіліген Темірхан жан жарымен бірге бес перзентті дүниеге әкеліп, ұл-қыздарының несібесі үшін күн-түн демей дамылсыз еңбек етті.
Аудан орталығындағы «Дәулетэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымында да жемісті жұмыс жасаған Темірхан Жандәулетов аузын айға білеген Кеңес Одағы ыдырап, елді әбігерге салған тоқырау заманында маңызды мекеме жүктеген істі біркісідей атқарды. Артынша, нарық қыспағымен, жаппай жұмыссыздық жайлап, бірсыпара құрылымдардың есігіне қара құлып салынған кезде екі қолға бір күрек табу жұртшылықтың мұңға айналды. Алайда бір есік жабылса, екінші есік ашатын жаратушы иеміздің пендесіне сыйы бар емес пе? Жігітті өз күші ғана тығырықтан алып шығатынын іштей сезініп, тыңнан түрен салуға нар тәуекел етті. Бір сөзбен айтқанда жаңа кәсіп желкенін керіп, дәнекерлеу ісін қолға алды.
Бойындағы бұлау күш отызды алқымдаған жігітті осылайша қысқарту кезінде қол қусырып қарап жатқызбады  Жалқауға ғана жұмыс жоқ  қоғамда қалауын тапса қар жанатынын білген Темірхан шиеттей бала-шағасының ырзық-несібесін темірден түйін түюмен байланыстырды. Жұртшылық сұранысына қарай қимылдап, нәтижесінде бастамасы алға басты. Көптің сұранысына сай жасалған тапсырыстары қолдан-қолға тұрмай иелерін тауып, отбасын асырауға  қолайлы жағдай тудырды.
Қалтасы қалыңдаған сайын айналасына мұрын шүйіріп қарап, кеудесіне нан пісетін бәзбіреулерден бойын аулақ ұстаған Темірхан «аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» қағидасын ешқашан ұмыт қалдырмады. Сәулесін алысқа түсірді. Сүрінгенді сүйеді, қиналғанды демеді.  Берік, Еркін  ұлдары мен Сәндігүл, Сағымкүл, Жанар қыздарын тәлімі мол азамат-азаматша етіп тәрбиелеп, Толыбай батыр ұрпағы екендерін жүрек кестелеріне ұдайы тоқып жүрді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған шаңырақтың қос шынарынан 21 немере, 5 шөбере өрбіп, үлкен әуелтке айналды.
ххх
«Әке көрген оқ жонар» деген тәмсілдің әлі де ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып жататыны қуантады. Біз тақырыпқа арқау етіп, ұрпақ сабақтастығы деп айдар таққан өмір жолы өнеге кісінің ізін жалғаған перзенттерінің бірі– Берік. «Қазақстанның үздік азаматтары» кітабына енген оның ел экономикасының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жақайымның игілігі руынан шыққан Толыбай батырдың тікелей ұрпағы:
–Қазақтың батырлары көптеп саналады. Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен ұлан-ғайыр даланы қорғаған осынау баһадүрлеріміздің ерлігі жас буын санасында көптеп насихатталса, нұр үстіне нұр болады деп білеміз. Қазақтың қамын күйттеп, көз алартқан дұшпанға арыстандай атылған бабаларымыздың арасында 250 жылдығы аталып өтілетін  Толыбай батырдың да шоқтығы биік, – деп таяу күндері батыр рухына ұлан-асыр ас ұйымдастыратындарын тіле тиек етті.
Аманатқа адалдық деген осы шығар. Темірхан әкесінің тірісінде қалдырған өсиетін міне ізбасар ұлдары жүзеге асыруға ниеттену үстінде. Жалпы, сана сәулесінде рухани құндылықты дәріптеп, біртұтас ұлы ұлттың перзент екенін дәлелдеген адамның жүзі екі дүниеде де жарқын екені даусыз. Елжандылықты ту етіп, бабалар рухын жаңғыртуды көздеген азаматтың азаматтығына тәнтті бола отырып, туған жердің әр тасы мен төбесінен құндылық іздеп, сыр суыртпақтаған ісіне береке тіледік.  
 
А. ЖАЙШЫЛЫҚ    
04 қазан 2022 ж. 884 0