Ұстаздыққа адал ғұмыр
Ұстаздық — жүрек қалауымен келетін, табандылық пен төзімділікті талап ететін қасиетті мамандық. Осындай ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, саналы өмірін білім саласына бағыштаған ардақты ұстаздардың бірі — Мереке Жылқайдарқызы Әлішева.Мереке Жылқайдарқызы 1965 жылдың 20 маусымында Қарақұм ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1972 жылы мектеп табалдырығын аттап, Тоқабай ауылындағы №248 орта мектебін үздік бағамен аяқтайды. Мектеп қабырғасындағы белсенділігі мен білімге деген құштарлығы оны үлкен өмірге жетелеп, 1982 жылы Алматы қаласындағы Қазақ қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Студенттік жылдары институттың домбыра ансамблінің мүшесі болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өнерлі әрі үлгілі студенттердің қатарынан көрінеді.
1987 жылы жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, туған жеріне оралады. Өзінің түлеп ұшқан алтын ұясы — Тоқабай ауылындағы №248 орта мектебіне химия пәнінің мұғалімі болып қабылданып, еңбек жолын бастайды. Осы білім ордасында табан аудармай 40 жылға жуық еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Ұстаз үшін ең үлкен бақыт — шәкірт жетістігі десек, Мереке Жылқайдарқызы осы жолда өз қолтаңбасын қалдырған білікті педагог.
Мектеп қабырғасында жүріп түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 1988–1990 жылдары мектептің «Жастар ұжымы» мен бастауыш комсомол ұйымының төрайымы қызметтерін атқарды. 2001 жылы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етіп, тәрбие саласында нәтижелі жұмыстар жүргізді.
Ұзақ жылдар бойы сынып жетекшілігін атқарып, шәкірттерінің сапалы білім мен саналы тәрбие алуына үлкен үлес қосты. Оның жетекшілігімен көптеген оқушылар аудандық, облыстық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарды иеленді. Өзінің де еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1991 жылы аудан көлемінде «Үздік сынып жетекші» атанса, 2002 жылы «Үздік пән бірлестігі» байқауында ІІ орын иеленді.
2021 жылдан бері мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде ұжым қызметкерлерінің құқықтарын қорғап келеді. Ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше марапаттарға ие болды. 2021 жылы Қазақстан Республикасының Педагогтар қоғамының шешімімен «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2024 жылы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде Е. Әбдіров атындағы желтоқсаншылар қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан патриоты» медалінің иегері атанды.
1989 жылы отбасын құрып, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балалары әртүрлі салада елге қызмет етіп жүр. Алты немеренің асыл әжесі атанған ардақты ана бүгінде ұрпағының қуанышына кенеліп отыр.
Қырық жыл бойы бір мектептің түтінін түтетіп, мыңдаған шәкіртке бағыт-бағдар берген ардақты ұстаздың еңбегі — кейінгі буынға өнеге. Саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған Мереке Жылқайдарқызына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы мен мерейлі зейнет тілейміз.
Несібелі ЕРЖАНОВА,
ардагер ұстаз









