Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Құрмет төріндегі ұстаз

Құрмет төріндегі ұстаз

Ұстаздық жолын ұстанып, мұғалім деген мәртебелі мамандықтың шыңын бағындыра білген, 1981 жылы СССР-ның «Ерекше еңбегі үшін» медалімен, 1982 жылы Қазақ ССР Оқу министрінің «Аға мұғалім» төсбелгісімен, 1987 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің бұйрығымен «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын иеленген «Арал ауданының құрметті азаматы» Жамиға Сұлтанова бүгінгі тақырыпқа арқау болмақ.
"Адам ұрпағымен мың жасайды" деген тәмсіл сөз бар. Соның ішінде ұрпақ тәрбиелеу ісін өзінің міндетіне балаған ұстаздың есімі елдің жадында мәңгі тұрақтайды. Өйткені ол адамның тұлға болып қалыптасуына үлес қосатын ерекше дарын мен қасиет иесі. Сондай жанның бірі – Жамиға Сұлтанова. Ол 1949 жылы Қазалы ауданында өмірге келген. Ең алғаш мектеп табалдырығын Қарақалпақстан жеріндегі Үшсай портында аттап, кейін осы елдегі Тақияташ қаласында 2 сыныптан 7 сыныпқа дейін оқиды. 1962 жылы Арал қаласына қоныс аударып, осындағы №15 орта мектепті 1966 жылы бітіріп шығады.
– Мектеп бітірген соң 1967 жылы Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтына математика және физика факультетіне оқуға қабылдандым. 1971 жылы оқуымды аяқтап, математика пәні мұғалімі деген дипломды еншілеп, Аралға келдім. Келе салып қаладағы №220 мектепке жұмысқа қабылдандым. Сол жылы мектеп 8 жылдықтан 10 жылдық болып қайта ашылып жатыр екен. Үшінші 9 сынып жасақталды. Бұл сыныпта көбі ауылдан келген балалар мен қаладағы №15, №177 мектептің оқушыларынан құралды. Сол сыныпқа мен жетекшілік жасадым. Сыныптағы балалардың барлығы алғыр болды. Менің алғашқы тәжірибемдегі сыныбым үмітімді ақтап, бәрі дерлік жоғары оқу орнына қабылданды. Қазір елдің түкпір-түкпірінде елеулі қызмет атқарып жүр. Содан бері де елу жыл уақыт өтіпті, – деген Жамиға апай алғашқы еңбек жолы туралы айтты.
1980-1981 жылдары мектеп жанынан математика пәнінен тереңдетілген сынып ашу қажет деген бұйрық келіп түседі. Бірақ ол кезде оқулық жоқ. Болса да орыс тілінде. Тереңдетілген сыныптың оқу бағдарламасы да күрделі. Сол кездегі мектептің директоры болған Төлеш Дәрменовтің тәуекелімен сынып ашылып, оған Жамиға Махамбетқызы жетекші болады. Осылай ол өз білімін жетілдіру мақсатында Мәсеудегі Ломоносов атындағы институттың 1 айлық курсынан өтіп, өз білімін толықтырып қайтады.
– Тереңдетілген сыныпқа әр мектептен математика пәнін сүйіп оқитын оқушылар жиналды. Шынымды айтсам бұл кезде көп уақытымды ізденуге арнадым. Кітапханалардан орыс тіліндегі ғылыми оқулықтарды ақтарып, оларды қазақ тіліне аударып, оқушыларға терең білім беруге тырыстым. Ең алғашқы түлектеріміз 1965 жылы туғандар 1982 жылы мектеп бітірді. Сол шәкірттердің 70 пайызы жоғары оқу орнына, қалғандары арнаулы оқу орындарына оқуға түсті, – дейді Жамиға апай.
Ұстаздың еңбегі елусіз қалған жоқ. Ол бар күш-жігерін сүйікті мамандығына арнай білгендігінің арқасында жоғары дәрежелі атақтарды еншілегендігін жоғарыда тілге тиек еткен болатынбыз. Ал ұстаз үшін ең үлкен жетістік – өзінің балапандай баптап, қияға қанат қақтырған шәкірттерінің мемлекет дамуына үлес қосатын маман болып шығып, «алғашқы білім нәрін берген ұстазым» деп Жамиға апайдың есімін елге танытуы. Бұр тұрғыда кейіпкеріміздің мерейі үстем. Себебі, осы мақаланың жазылуына да мұрындық болған өзінің алғашқы шәкірттері 1973 жылы №220 мектепті бітірген 10 "в" сыныбы оқушылары атынан Шымкент қаласынан қоңырау шалып, өтініш білдірген Нағима Байжанова есімді шәкірті.
Қазіргі күні ерен еңбегімен танылып, жастарға үлгі бола білген Жамиға Сұлтанова апайымыз 37 жылы бір мектепте табан аудармай еңбек етіп, 2007 жылдан бастап құрметті зейнет демалысына шыққан. Отбасылық бақытқа бөленіп, 3 перзентінен өрбіген ұрпағының қызығына тоймай аяулы ана, ардақты әже болып отыр.
Н. Маратқызы
---
06 маусым 2023 ж. 258 0