Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Ақпараттық насихаттық топ ауданымызда болды

Ақпараттық насихаттық топ ауданымызда болды

Бейсенбі күні ауданға Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын насихаттау мақсатында ақпараттық насихаттық топ мүшелері келді. Аудандық мәдениет үйінде өткен жиынды аудан әкімінің орынбасары М.Мейірбеков  ашып берді. Жолдау төңірегінде яғни, заманауи бизнес модельдерін дамыту арқылы еңбек өнімділігінің деңгейін арттыру қажеттігіне тоқталған ол білім беру жүйесін коммуникация және стандартқа сай индустриландыру талаптарына сай бейімдеу қажеттігін кеңінен айтып өтті. Сонымен қатар, ресурстарды пайдаланудың тиімділігін едәуір жақсартуымыз қажеттігіне тоқталып, әрбір саланы ақпараттық технология жүйесіне енгізуіміз керектігін жеткізді.
         Инвестициялар және даму министрлігі Көлік  комитетінің төрағасы  Ә.Асавбаев Жолдаудағы 10 міндетке тоқталып, сонымен бірге облыстың әлеуетін атап өтті.
         –Қызылорда облысы бұл ірі өнеркәсіптік нысандар шоғырланған, көптеген әлеуметтік көрсеткіштердің көшбасшысы болып табылатын республикадағы ерекше аймақ. Былтыр облыстағы тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 143 миллион долларды құраған. Сонымен қатар, облыстың автомобиль жолдарын дамыту негізінде жалпы қаржыландыру мөлшері 4,5 млрд. теңгені құрады. Ал, биыл шамамен 7,5 млрд. теңге көзделіп отыр. Соның ішінде республикалық бюджеттен де тиісті қаражат бөлінуде. Елбасы өз Жолдауында орташа перспективадағы жергілікті автожолдарға бөлінетін қаражатты 150 млрд. теңгеге дейін ұлғайту туралы міндеті қойылған. Соның шеңберінде Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған жергілікті автожол желісін жөндеуді, қаржыландыруды ұлғайту үшін министрлік республикалық бюджеттен 2,8 млрд. теңге қосымша қаржы бөлу мәселесін қазіргі кезде пысықтауда-деп, осы мәселе төңірегінде атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайында кеңінен айтып өтті. Одан соң сөз алған, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов атқарылған жұмыстарға тоқталып, Президент Жолдауы жөнінде баян етті.
         Жиын соңында «Халық үні» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т.Бейсов былай деді:
         -Ауданымыз облыстағы ең іргелі, халық саны көп аудан. Орталығы-Арал қаласы. Ауданда 80000-ға тарта халық болса, солардың жартысына жуығы осы қалада тұрады. Қала халқының саны жыл сайын арту үстінде. Енді,  бір қиындық ол–үлкен қаланың қақ ортасын кесіп өтетін темір жолға байланысты туындап отыр. Темір жолдың екі жағына орналасқан халық саны тең деуге болады. Қиындық осыған, яғни темір темір жол өткеліне байланысты туындап отыр. Бұрынғы темір жол өткелі қазіргі уақытта заман талабына сай емес–деп әрі-бері өткен көлік те, теміржолды босатпайтын пойыз да көп екендігін жеткізіп, қаладағы орталық өткелдің бойына аспалы көпір орнату жайында ұсынысын айтты. Сонымен қатар, «Алматы-Орал», яғни «Тұлпар-Тальго» пойызы қаламыздың темір жол бекетіне тоқтаса деген тілегін жеткізіп, аталған екі өтінішін Ә.Асавбаевқа жазбаша түрде тапсырды. Көлік комитетінің төрағасы міндетті түрде ұсынысқа жауап қайтаратынын білдірді.

Света Үсенқұлова.
---
23 ақпан 2018 ж. 1 383 0