Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирустың миға қатері анықталды

Коронавирустың миға қатері анықталды

  baq.kz Ұлыбританиядағы Кент университетінің вирусологы Джереми Россман (Jeremy Rossman) коронавирус адамдардың миына қалай әсер ететінін және неврологиялық симптомдарды тудыратынын ашты. Инфекцияның орталық жүйке жүйесіне қаупі туралы «The Conversation» басылымы жазады.
Ғалымның айтуынша, көп жағдайда COVID-19 – безгек, тамақтың ауыруын, жөтел, ал ауыр жағдайларда ентігу және респираторлық ауруларды тудыратын респираторлық инфекция. Коронавирус сондай-ақ құсу, диарея, жүрек жұмысының бұзылуы және қанның ұюы сияқты симптомдарды тудыра отырып, басқа да тіндерді зақымдауы мүмкін.
Сондай-ақ инфекция миды да зақымдайды. COVID-19 вирусына шалдыққан емделушілерде Гийен-Барре синдромының белең алуы да кездеседі. Мұндайда иммундық жүйе инфекцияға жауап бере отырып, перифериялық нервтердің жасушаларына қате шабуыл жасайды. Бұл алдымен бұлшықеттің әлсіреуіне, кейінірек сал ауруына әкеледі. Ал кейде коронавирус мидың қабынуы мен ісінуі бар ауыр энцефалит, сондай-ақ ми тіндеріндегі қан айналымының жіті бұзылуы (инсульт) тудырып отырған. Жалпы, әртүрлі ауырлықтағы неврологиялық симптомдар бас ауруына, бас айналуға, дәм мен иіс сезудің жоғалуына, құрысуға және галлюцинацияға шағымданатын пациенттердің 36 пайызында көрініс тапқан. Бұл көріністер көбінесе аурудың асқынған кезінде байқалған және сауыққаннан кейін де сақталып қалған.
SARS-CoV-2 қан және орталық жүйке жүйесін бөліп тұратын гематоэнцефалдық кедергіні еңсеруге және тікелей миды зақымдауға қабілетті. Неврологиялық симптомдар вирустың жүйке тіндеріне әсер етуінен немесе иммундық жүйенің шамадан тыс активтенуінен пайда болады. Инфекцияның миға енуінің тағы бір жолы мұрындағы иіс сезу нейрондары болуы мүмкін.
Миды тұмау, қызылша вирустары, респираторлық-синцитиалды вирустар және маусымдық коронавирустар, мысалы HCoV-OC43 сияқты вирустар зақымдауы мүмкін. Сонымен қатар инфекцияның орталық жүйке жүйесіне түсуі салыстырмалы түрде сирек кездесетіні айтылған.
29 сәуір 2020 ж. 851 0