Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аңдамай сөйлеу абырой әкелмейді

Аңдамай сөйлеу абырой әкелмейді

Таяуда Ұлыбританияда қызық жағдай болды. Ханшайым II Елизавета климат өзгеруіне қарсы әрекет жасамайтын әлем басшыларын сынаған сәті камераға түсіп қалды. Монарх екеуара әңгімесінің жазылып жатқанын білмеген. Бұл оқиға батыс медиасында қызу талқыға түсті. Жалпы, бірқатар көшбасшы ара-тұра мұндай оқыс жағдайға тап келіп тұрады.

Бүгінгі мақалаға тұздық болған мәселеге оралсақ. Алдағы 31 қазанда Ұлы­британияның Глазго қаласында жаһан­дық жылынуға жол бермеуге ар­налған COP26 саммиті басталады. Аталған іс-шара бүкіл әлем үшін ма­­ңыз­ды. Өйткені жиын барысында жер-жаһанды бұдан әрі жылынудан сақ­тау мәселесі талқыланбақ. Сам­мит қоры­тындысы бойынша өзекті келісім­дер жасалады деп күтіліп отыр. Былайша айтқанда, шартарапты мекендеген 7 миллиард адамның тағдыры шешілетін сәт.
Осындай маңызды жиынға Біріккен корольдіктің ханшайымы II Елизавета да қатыспақ. Таяуда ол Кардиффке барып, Уэльс парламентінің алғашқы сессиясын ашып берген еді. Осы шара кезінде ханшайымның Уэльс парламентінің төрағасы Элин Джонс және Корнуолл герцогинясы әрі келіні Камилламен әңгімелесіп тұрған сәті видеоға жазылып қалды.
Өзара әңгіме барысында II Елизавета COP26 саммитіне келмейтін мемлекет басшыларын сынға алды. «COP туралы жиі естіп жатырмын... Бірақ кімнің келетінін әлі білмеймін. Хабарым жоқ. Келмейтіндерді ғана білеміз. Олар бөсіп, бірақ әрекет етпейтіні ашуымды келтіреді», деді ханшайым.
Ханшайымның сөзін парламент төрағасы да қостады. «Дұрыс айтасыз, бүгін таңертең теледидардан неме­ре­­ңіз­дің (ханзада Уильямды) ғарыш­қа барудың қажеті жоқ, Жерді құтқаруы­мыз керек екенін айтқанын көрдім. Мұның уақыты келді», деді Элин ханым.
Айта кетерлігі, бірнеше күн бұрын ханзада Уильям BBC арнасына берген сұхбатында ғарышқа коммерциялық сапарға шығуды сынға алған-тұғын. Оның айтуынша, климаттың өзгеруі бүкіл адамзатты алаңдатуы тиіс мәселе. Осы орайда, ханзада ғарышқа құмар­тудың орнына жерді аман алып қалудың өзектілігіне тоқталды.
«Бізге бүкіл әрекетімізді ғарышқа сапарға шығуға емес, планетамызды сақтап қалуға жұмылдыратын нағыз ақыл­дылар керек. Егер мұқият болмасақ, балаларымыздың болаша­ғына балта шабамыз», деді ханзада Уильям.
Жалпы, II Елизавета камераның қосулы екенін ұмытып кеткен бірінші көшбасшы емес. Саясат сахнасында бұған дейін де талай қызықты оқиға кезіккен. Солардың бірі – АҚШ-тың бұрынғы президенті Рональд Рейган. Америкалықтар тарихында «Рейган дәуірі» атанған кезеңде Ақ үйді мүлтіксіз басқарған саясаткердің ара-тұра еркінсіп, әзілдейтін кезі болған. Әсіресе, оның 1984 жылғы радио арқылы халыққа жолдауы ерекше есте қалған. Жолдаудың мәтінін оқымас бұрын Рональд мырза өз-өзін дайындау үшін «Құрметті америкалықтар, бүгін Ресейді мәңгілікке заңсыз деп тану туралы заңға қол қойғанымды қуанышпен хабарлаймын. Бомбалау 5 минуттан кейін басталады», дейді.
Президент микрофонның қосулы, дыбыс жазылып жатқанынан хабарсыз болған. Рас, жолдауда бұл сөздер айтылған жоқ. Бірақ сенсация іздеген журналистер қарап жатсын ба?! Көп ұзамай-ақ оның әзілі көпшілікке тарап кетті.
«Қырғи-қабақ соғыстың» қызып тұрған кезі. КСРО тарапы бітіспес «қарсы­ласының» мұндай сөзіне жыми­мағаны анық. Бір қызығы, Рейганның сөзін сәуегейлікке теңесек артық айтқан­дық емес. Дәл осы Рональд мырзаның кезінде «қырғи-қабақ соғыс» аяқталды. Ол президенттіктен кеткеннен кейін көп ұзамай-ақ қылышын сүйреткен қызыл үкімет келмеске кетті.
АҚШ президенттеріне қатысты қы­зық оқиға мұнымен бітпейді. 2011 жылы сол кездегі Ақ үй басшысы Барак Оба­ма G20 саммитінде франциялық әріптесі Никола Саркозимен сөйле­сіп қалады. Мемлекеттер басшылары микрофонның өшірілмегенінен бейхабар болса керек, аттың басын жіберіп, әңгіме өзегі Израильдің сол кездегі премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуға ауысады. «Мен оған шыдай алмаймын. Ол өтірікші», дейді Саркози. Оған жауап берген Обама әріптесінің сөзіне келіседі. «Иә, одан шаршап кеттіңіз. Бірақ мен ше? Онымен күн сайын жұмыс істеуіме тура келеді», деп жауап береді Ақ үй басшысы.
Ақ үйдің тағы бір басшысы Джордж Буштың да өзара әңгімесі журна­листер назарына талай мәрте ілік­кен. Мәселен, ол 2006 жылы G8 сам­ми­тінде Ұлыбританияның сол кездегі премьер-министрі Тони Блэрмен тіл­деседі. Буштың ағылшын әріптесіне жас­тардың стилінде «Йоу, Блэр» деп аман­дасуы сол кезде қызу талқыға түскен еді.
Сондай-ақ Блэр мен Буш Таяу Шығыс шиеленісін де талқылады. Әң­гіме барысында Ақ үй басшысы түйін­нің шешімі Сирияның «Хезболлаға» қолдауын тоқтату деп есептейтінін жеткізеді.
«Аңдамай сөйлеген ауырмай өле­ді» деген халық даналығы ұлыбри­та­ния­лық саясаткер Гордон Браунға арнап айтылғандай. 2010 жылы Бірік­кен корольдікте парламенттік сайлау өтті. Саяси дода кезінде премьер-министрлікке Ұлыбританияның сол кездегі премьер-министрі Гордон Браун мен Консервативтар өкілі Дэвид Кэмерон таласып жатқан-ды.
Гордон мырзаның өзін қолдаушы­лар­дың бірімен кездесуі саяси карьерасына нүкте қойды десек артық айтқан­дық емес. Онсыз да сайлауалды науқанын әлсіз жүргізген ол бәсе­кеден бір апта бұрын электораттармен кездесу кезінде 66 жастағы зейнеткер Джиллиан Даффи премьер-министрге бірнеше сұрақ қойып, әбден зығырданын қайнатады.
Бүкіл камера қосылып тұрғанда зейнеткерге сыпайы жауап берген Гордон Браун көлігіне мінгеннен кейін қасындағыларға ызасын жасырмайды. «Өте нашар. Мені ешқашан мұндай әйелге жақындатпау керек еді. Бұл кімнің ойлап тапқаны? Ақылға қонымсыз. Ол қырсық қатын екен», дейді Браун. Бұл сөзі үшін Гордон мырза көп ұзамай-ақ ке­шірім сұрады. Бірақ бәрі кеш еді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Кон­сер­вативтер партиясы жеңіске жетіп, Браун орынтағынан айрылды. Осыдан кейін ол қайтадан саясат сахнасына шыққан жоқ.
Брауннан кейін Ұлыбритания премьер-министрі атанған Дэвид Кэме­рон да ыңғайсыз жағдайда қалғаны бар. Ханшайым II Елизаветамен кездесу кезінде ол Нигерия мен Ауғанстанды ең жемқор елдер деп атайды. Әлбетте, аты аталған мемлекеттер бұған қуанбағаны анық. Патшайым да кездесу барысында Қытай делегациясын сынға алып, Бейжіңнен келген шенеуніктерді дөрекі деп есептейтінін жеткізді.
2019 жылы НАТО саммитінде Канада премьер-министрі Джастин Тюрдо, Франция президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон өзара әңгімелесіп, АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трампты өсектеген сәті видеоға түсіп қалған-ды. Аталған мемлекеттердің басшылары АҚШ президентінің кешігіп жүретінін сөз етеді.

egemen.kz
17 қазан 2021 ж. 413 0