Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жапония мемлекеті туралы не білеміз?

Жапония мемлекеті туралы не білеміз?

Жапония Шығыс Азия жағалауларына жақын маңдағы Тынық мұхит аралдарында орналасқан мемлекет. Ел 6852 аралдан тұрады. Ең үлкендері: Хоккайдо, Хонсю, Сикоку, Кюсю. Жер аумағы 372,2 мың шаршы шақырымды құрайды. Астанасы — Токио қаласы. Халқының 99,4 пайызы — жапондар.
         Азия елдері ішінде орта ғасырлардағы жойқын жорықтардан және одан кейінгі отаршылық тәуелдіктен аман қалған екі елдің бірі – Жапония. ХІХ ғасырдан бастап Жапония өнеркәсібі қауырт өркендей бастады. Күн шығыстағы Жапония шағын және орта бизнестің даму қарқыны бойынша әлемде көш басында. Бұл ел  шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы әлемдегі ең бай, жоғары технологиялық дамыған мемлекетке айналды. Мем­лекет шағын кәсіпорынға құрал-жабдықтарды жаңартуға, технологияны жақсартуға, өнімге де­ген сұранысты ұлғайтуға қолдау көрсетіп отырады. Қазіргі таңда Жапония шағын және орта кәсіп­орындар бойынша жалпы ұлттық өнім­нің 73 пайызына ие болып отыр. Бұл елді нақты экономикалық ғажайыпқа теңеуге болады, өйткені күріш егетін, қала салатын жері де, табиғи байлығы да жоқ. Сөйте тұра әлем экономикасындағы көшбасшы елдер қатарында. Сонымен қатар олар әлемдегі ең бай халық.
         Қазір Жапонияда орташа өмір сүру ұзақтығы 84,2 жасты құрайды, бұл экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректері бойынша барлық елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстырып қарасақ, Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 10 жылға кем (72,9 жас).
         Жапондықтардың ұзақ өмір сүру құпиясы мен тамақтану ерекшеліктеріне тоқталсақ. Жапон диетасы негізінен өсімдік тағамдарынан, соя және теңіз өнімдерінен тұрады. Олар Батыс елдерінің тұрғындарына қарағанда тұз бен қанты бар сусынды аз тұтынады. Ұзақ өмір сүрудің құпиясы – олар өте сыпайы, сөйлескен кезде басқа адамды ренжітпеуге тырысады. Әлемде мұндай позитивті елді табу қиын.
         Олар өте адал адамдар. Мысалы, метрода әмияныңызды жоғалтсаңыз, 90 пайызға жуық адам әмияныңызды полиция бөлімшесіне әкеліп тапсырады. Токио – әлемдегі ең қауіпсіз мегаполис. Қауіпсіздігі соншалық, алты жасар бала қоғамдық көлікте жалғыз жүре алады. Жапондықтар ішімдіктен аулақ жандар. Сонымен бірге отбасындағы аға мен қарындастың мүлде сөйлеспеуі немесе бір-бірінің ұялы телефондарын білмеуі бұл елде  қалыпты жағдай саналады. Бір қызығы, олар  қонаққа шақыру дегенді білмейді. "Бір күні үйге келіп кет" деген шақыруды ести қалсаңыз, жай сыпайылық үшін айтылды деп ойлай беріңіз.Сондай-ақ олар өте еңбекқор халық, 15-18 сағат бойы үзіліссіз жұмыс істей береді. Бір үйренерлігі, жұмысқа дәл уақытында келу – өте ұят қылық. Олар бару керек жерге жарты сағат ерте жетуге тырысады екен. Жапонияның көшелерінен қолшатыр салынған сауыттарды (ваза) көре аласыз. Жаңбыр басталғанда оның бірін алып, тоқтағанда жақын жердегі ыдыстың біріне қайта салып кетесіз. Көшелерінде қоқыс жәшіктері жоқ. Олар барлық қоқысты үйлеріне әкетеді де, төрт түрге сорттайды: әйнектер, мыжылатындар, мыжылмайтындар, өңделетіндер.
         Жапония – Империя лауазымын сақтап қалған әлемдегі соңғы ел.
Бұл елде  қашанда ер адамдарға бірінші қызмет көрсетіледі және дүкендерде ең алдымен ер кісімен амандасу керек. Метрода әйел адамдардың қауіпсіздігі үшін арналған жеке вагондар бар. Әрбір екінші жапондық суретті жақсы салып, ән айтады. Бала тәрбиесіне келгенде, олар алдымен сурет салу мен ән айтуды, одан кейін барып сөйлеу мен жазуды үйретеді екен. Жапонияда оқу жылы сәуір айында басталады. Айтпақшы, жапон тілінде ай аттары жоқ, оның орнына реттік сандарды қолданады.
         Шындығында, тұтас бір елдің жетістікке жетуінің құпиясы – жапондар өз ойларын басқара білуінде. Олар тіпті "жоқ" деген сөздің өзін айтпайды. Әр жапон балаларын мейлі мектепте, мейлі үйде, мейлі жұмыста болсын өз ойын басқара алатындай және өзінің жағымсыз ойларының басқалардың өмірін бұзуына жол бермейтіндей табиғи жолмен тәрбиелейді. Жапондарда қалыптасқан тазалық мәдениеті және жеке гигиена, денсаулық туралы түсініктері маңызды рөл атқарады. Зейнет жасындағы адамдар көбіне белсенді, сүйікті ісімен айналысады немесе қоғамдық жұмыстар істейді. Осылайша олар өмірінің мәнін сақтап, оны ұзартады.
         Қарап отырсақ, жапондар салт-дәстүрін берік ұстанған. Олар бүкіл елден өзінің дамыған технологияларымен дараланып тұрса да, атадан балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлерінің біреуін де ұмытпаған, мәдениеті де жоғары дамыған.

Дайындаған К.Махсұт
05 ақпан 2022 ж. 3 652 0