Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Токиода Наурыз мерекесі қалай тойланды

Токиода Наурыз мерекесі қалай тойланды

Жапонияда тұратын қазақстандықтар Наурыз мерекесіне орай бас қосып, Токио төрінде Ұлыстың ұлы күнін тойлады. Бұл туралы Жапониядағы қазақ қауымдастығының өкілі Әбдібек Қалибекұлы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жапонияда қазақ қауымдастығы осыдан бір жыл бұрын құрылған болатын. Алайда пандемияға байланысты жиналыстар өткізілмеген.

«Биыл Ұлыстың ұлы күніне байланысты тікелей атсалысып, Жапониядағы қазақтардың басын қосайын деген оймен Токиода қазақстандықтарды жинадық. 40 шақты азамат болды. Моңғолия, Қытай қазақтары да болды. Пандемияға қарамастан бәрі келді. Домбыра шертілді, күй ойналды. Қазақтың көк байрағы Токиода аспанында көтерілді. Орта Азиядағы бауырлас мемлекеттер, оның ішінде қырғыздар, өзбектер келді. Сөйтіп, кішігірім той болды. 30-ға жуық жастар келді. Жалпы жан-жақтан 80 шақты адам жиналды. Оның ішінде 95 пайыз қазақтар болды. Бәріміз бас қосып, Ұлыстың ұлы күні - Наурызды тойладық», деді Әбдібек Қалибекұлы.

Ұлыстың ұлы күніне орай өткізілген іс-шараға Жапонияда оқитын және жұмыс істейтін қазақстандықтар қатысты.

«Пандемияға қарамастан, ойлағаннан да көп адам жиналды. Басты мақсат Жапониядағы қазақ қауымдастығы атынан қазақтарды бір жерге жинап, Наурыз мерекесін тойлау болды. Сол мақсат іске асып, қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр. Токиода алғаш рет Наурыз мерекесін тойладық», деп толықтырды ол.
22 наурыз 2022 ж. 595 0