Қытайдағы карантин мұнай бағасын арзандатып жіберді
Қытайда дүйсенбіден бастап мұнай бағасы төмендей бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат investing.com-ға сілтеме жасап.
Бұл елде COVID-19 коронавирусынан болған карантин салдарынан мұнайға деген сұраныстың азаюымен байланысты болып отыр. Оған қоса, Халықаралық энергетикалық агенттікке (ХЭА) мүше елдер мен АҚШ нарыққа миллиондаған баррель мұнай шығаруды жоспарлауда. Нью-Йорк сауда биржасында Brent маркалы мұнай фьючерстері 4,04 %-ға арзандап, барреліне 94,29 долларды, ал Лондон континентаралық биржасында (NYSE:ICE) Brent 4,2 %-ға арзандап, барреліне 98,49 долларды құрады.
Қытайдағы карантин әлемде экономика жағынан екінші орында тұрған елдің туристік белсенділігіне кері әсерін тигізіп, ондағы әуе отыны мен мұнайға сұраныстың азаюына қауіп төндірді. Осылайша, Шанхай мегаполисінде әуе қатынасы әдеттегі деңгейден 10 %-ға дейін төмендеген. Ел бойынша алыс сапарларға ұшатын көптеген рейстер тоқтатылды.
FGE консалтингтік фирмасы көлік сұранысының жалпы алғанда күніне 1,2 млн-нан 1,3 млн баррельге дейінгі аралықта төмендеуін болжауда, бұл ретте әуе отынына деген сұраныс осы көрсеткіштің жартысын құрап отыр.
Алайда, кейінірек Шанхай билігі дүйсенбіде кейбір аудандарда карантин шараларын жеңілдете бастайтынын мәлімдеді. Бұл жаңалық Қытай қаржы орталығының жексенбі күні елде 25 мыңнан астам жаңа COVID-19 оқиғасы тіркелгенін хабарлағаннан кейін де шыққан.