COVID-19 қайта өрши ме?
Індеттің қарқын алуы Қытай мегаполисінің осы уақытқа дейінгі әлемдік дертке қарсы қатаң шараларды ұстанбауынан болып отыр. Ауруға шалдыққандардың саны артқан кезде ғана 3 сәуір күні барлық қала бойынша карантин жарияланды. Тұрғындар үй қамақта отырып, ас-суларын тапсырыспен алдыруға мәжбүр. Жергілікті билік қала тұрғындарын ет, жұмыртқа, көкөніспен қамтамасыз етіп жатқанын хабарлады. Алайда халық дәрі-дәрмектің тапшылығын айтып, наразылық білдіруде.
Бұл – Шанхайдағы алғашқы жалпықалалық карантин. Өткен айға дейін жергілікті билік шағын ғана шектеулер енгізіп келді. Тіпті 2021 жылдың наурыз айында індет жұқтырғандардың саны 1 800-ге дейін артқан кезде де Шанхай қаласы толықтай оқшауланудан бас тартқан еді. Шанхай Қытайдың өзге қалаларынан неге өзгешеленді? Оның басты себебі – Қытай экономикасы үшін маңызында. Шанхай осы уақытқа дейін Қытайды әлеммен жалғап тұрған көпір болды, қазір де солай. Ол 2018 жылдан бері елдің жалпы саудасының 10 пайыздан астамын құрап отыр. Жергілікті Caixin ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Шанхай әуежайлары елдегі пандемияның алғашқы күндерінде қажет болған қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектің жартысына жуығын дер кезінде жеткізіп отырған. Мәселен, 2020 жылы Пудун халықаралық әуежайының жүк тасымалы 3,4 млн тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіш ірі көлемде жүк тасымалданатын Бейжің, Гуанчжоу және Шэньчжэнь әуежайларын біріктіріп санағанда бірнеше есеге артық.
Гонконгтағы Қытай университетінің зерттеулеріне қарасақ, Шанхай секілді мегаполистердің жабылуы Қытай экономикасына едәуір нұқсан келтіретіні айтылған. Сол себепті Қытай билігі қаланың елге әкелер пайдасын тұрғындардан жоғары қойып отырған жайы бар.
Ал әлем елдері үшін бұл қауіпті. COVID-19-дың ошағы болған Қытай карантин шараларын қатаңдатып, шекарасын бекем ұстау қажет деп отыр сарапшылар. Қытай билігінің бұл әрекетіне әлем ғалымдары пікір білдіріп, бұрыс шешім болғанын айтуда. Лондон гигиена және тропикалық медицина мектебінің профессоры Мартин Гибберд Шанхайдың бұл шешімі вирустың әлдеқайда жұқпалы болып табылатын Omicron штамына сәйкес келмеді деп санайды.
Өзге елдердегі жағдай қандай? Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде COVID-19 инфекциясын 500 907 811 адам жұқтырып, 6 185 177 адам қайтыс болған. Қазір АҚШ-та – 1 105 217, Үндістанда – 10 860, Германияда – 3 624 615, Ұлыбританияда – 1 617 068, Түркияда – 200 060, Украинада – 821 098, Ресейде 375 452 адам дертке шалдыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдемесі бойынша бір апта ішінде КВИ жұқтырғандар саны төмендеген.
Инфекция жұқтырған 80 млн-нан астам адам көрсеткішімен АҚШ алғашқы орында тұр. Одан кейін Үндістан – 45 млн адам. 30 млн тұрғыны дертке шалдыққан Бразилия үшінші орынға жайғасты. Ал Оңтүстік Кореяда коронавирустың омикрон XE штамы алғаш рет тіркелді. Бұл деректі аталған елдің жұқпалы аурулармен күрес жөніндегі штабы мәлімдеді. Індеттің жаңа түрін жұқтырған науқас наурыз айында қайта вакцина алған.
Естеріңізге сала кетейік, алғаш рет Ұлыбританияда тіркелген омикрон XE коронавирусы Үндістанға да келіп жеткені бұдан бұрын хабарланған болатын. Алғашқы науқас 7 сәуірде анықталды.
Сондай-ақ Германия билігі дертке қарсы күресті қатаң қолға алды. Бүгінде бұл елде індеттен қайтыс болғандардың саны 3 мыңнан аспайды. Германияда тестілеу көрсеткішінің саны өскен. Осы орайда, Ұлыбритания билігі де сәуір айының соңына дейін күн сайын 100 мың адамды тестілеуден өткізетінін хабарлады.
Гүлнар ЖОЛЖАН
egemen.kz