Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пандемия әлі біткен жоқ

Пандемия әлі біткен жоқ

Әлемнің көп елдерінде қауіпсіздік шаралары жеңілдетілгенімен, пандемия әлі біткен жоқ деген пікірлер әлсін-әлсін естіліп жатады. Адамның ағзасы үйреніп, індетті емдейтін медициналық хаттама да бекітілді. Дегенмен вирус толығымен жойылды деуге ерте ме?

«Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, ауру жұқтырған 38 адамнан табылған зерттеу нәтижелері вирустың COVID-19 омикрон нұсқасы екенін көрсетті», дейді Бейжің қалалық профилак­тика және ауруларды бақылау орталығы басшысының орынбасары Пан Синхо.

Жаңадан тіркелген науқас­тар мен бұдан бұрын анық­тал­ған­дар арасында эпиде­мия­лық байланыс бары та­был­ған. Эпидемиялық талдау, гендердің реттілігі мен ан­тиденелердің анықталуы нәти­жесінде белгілі болғанындай, қазіргі уақытта Бейжіңде инфекция жұқтырудың екі тізбегі бары айтылды.

Бейжің аудандарының бірі COVID-19 таралу қаупі жоғары, ал қалған жеті аудан орташа қауіптегі аймақ ретінде жіктелген. Соңғы деректерге сәйкес COVID-19 алдын алу және қарсы күрес жөніндегі қалалық штаб Қытай астанасында 2 аймақ жоғары қауіпті және 12 аймақтың қауіптілігі орташа деп жариялады. Бұған дейін Бейжің билігі тағы 22 адамның вирус жұқтырғаны анықтал­ғаннан кейін, эпидемияға қарсы шаралар­ды күшейткен еді.

Жақында тіпті вирустың таралуын азайту үшін Қытай астанасындағы мектептерде сабақ беру тоқтатылды. Бейсенбі күні таңертең бейжіңдік Чаоян ауданындағы жекеменшік мектептерде білім алушылардың ата-аналарына оқу орындары қашықтан оқыту режіміне көш­кені туралы шұғыл хабарлама келді. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, мұндай шара­­лар қаланың басқа аудандарын­дағы бірқатар бастауыш және орта мектептерде енгізіле бастайды. Сондай-ақ Тунчжоу ауданын­дағы балабақшалар жұмысы тоқтатылған. 27 сәуірдегі жағдай бойынша мектеп оқушылары арасында COVID-19 инфекциясын жұқ­тыру саны артып келеді. Бей­жіңнің Чаоян ауданын­дағы мектептердің бірінде 36 оқушының індет жұқтырғаны анықталған. ҚХР Гигиена және денсаулық сақтау мемлекеттік комитетінің мәліметінше, соңғы тәулікте Бейжіңде коронавирус инфекциясын жұқтырған 50 жағдай тіркелген. Дүйсенбіден бас­тап билік Қытай астанасы аудандарындағы бірқатар тұр­ғынды жаппай тестілеуден өткізіп жатыр. Осылайша Қытай билігі вирусты толығымен жою үшін қатал шаралар енгізу туралы шешім қабылдаған.

egemen.kz
29 сәуір 2022 ж. 414 0