ДДСҰ: Коронавирустың жаңа толқынына байланысты шара қабылдау керек
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы бюросының басшысы Ханс Клюге коронавирустың жаңа толқыны туралы хабарлады және Еуропа елдерін вакцинация мен бетперде киюге қатысты шұғыл шаралар қабылдауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Біз өткен жаздағы жағдайға ұқсас ахуалға тап болғанымыз анық – тек осы жолы жалғасып жатқан COVID-19 толқыны омикрон нұсқасының субжелілерімен, атап айтқанда BA.2 және BA.5 арқылы туындады. «Омикронның» әрбір басым субжелісі бұған дейін айналымда болған вирустарға қарағанда таралу бойынша айқын артықшылықтарды көрсетеді», – деді Клюге.
Оның айтуынша, Еуропалық аймақта соңғы алты аптада коронавирустың жаңа жағдайларының саны үш есе өсті және өткен аптада 3 миллионға жуық адам вирус жұқтырғаны тіркелді. Бұл әлемдегі барлық жаңа инфекция жұқтыру жағдайының жартысына жуықтап тұр.
Клюге сонымен қатар күннің салқындауы жақындаған сайын вирустың қарқынды таралатынына алаңдаушылық білдірді.
«Сондықтан бүгінде ДДСҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросы инфекцияның алдағы толқындарына дайындалуға көмектесу үшін COVID-19 және басқа респираторлық вирустармен күресудің күзгі-қысқы стратегиясын жариялап отыр. Әрекет ету үшін күзді күту тым кеш болады», – деді бюро басшысы.
Стратегия халықты вакцинациямен қамтуды арттыруды, ғимарат ішінде және қоғамдық көлікте бетперде киюді ынталандыруды, жабық кеңістіктерді желдетуді арттыруды қарастырады.
Бұған дейін ДДСҰ бетперде режимі ауру жұқтыру артқан жағдайда коронавирустың таралуына қарсы күрес жүргізу бойынша мемлекеттердің негізгі құралы болуы керек екенін хабарлады.
kyzylorda-news.kz