Жапонияда ауа райының қолайсыздығынан 17 адам қаза тапты
Жапонияның басым бөлігінде соңғы 10 күнде жауған қалың қар 17 адамның өмірін қиды, деп хабарлайды Egemen.kz The Japan Times-қа сілтеме жасап.
Соңғы күндері елдің батыс жағалауының көп бөлігінде, сондай-ақ Хоккайдо аралында қалың қар жауды. Кейбір аудандарға күндіз бір метрге жуық қар түсті. Газ электр желілерін қар басып, мыңдаған үйлерде электр жарығы өшіп қалды.
Метеорологиялық агенттік зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына қалың қар кезінде мүмкіндігінше жолға шықпауды ескертті. Үкімет өкілдері ауа райының қолайсыздығынан ондаған адамның зардап шеккенін хабарлады.
NHK ұлттық телеарнасының хабарлауынша, қаза тапқандар арасында қар тазалап жатқанда шатырдан құлап кеткен ер адам мен көлікте көміртегі тотығынан уланып қалған әйел табылған.
Синоптиктердің мәліметінше, Жапонияның солтүстік-шығыс бөлігінде қар орташа деңгейден үш есе көп жауған.