Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Испаниялық спортшы әйел 500 күнін үңгірде өткізді

Испаниялық спортшы әйел 500 күнін үңгірде өткізді

Испандық экстремал спортшы Беатрис Фламмини үңгірде адамдармен байланыссыз 500 күн өткізген. Бұл жаңа әлемдік рекорд болуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Беатрис COVID-19 пандемиясы кезінде Гранададағы үңгірге түскен. Бұл ғалымдардың бақылауында болған эксперименттің бір бөлігі.

«Мен әлі де 2021 жылдың 21 қарашасында тұрмын. Әлемде не болып жатқанынан мүлде бейхабармын», - деді ол үңгірден шыққаннан кейін.

Үңгірге 48 жасында түскен Беатрис Фламини қазір 50 жаста. Ол екі жыл туған күнін жалғыз атап өтті.

70 метр тереңдікте өткізген 500 күн бойы ол сурет салып, бас киім тоқып, кітап оқумен және дене шынықтырумен айналысты. Оның қолдау тобы осы уақыт ішінде Беатристің 60 кітап оқып, 1000 литр су ішкенін хабарлады.

Спортшыны қашықтан психологтар мен үңгірлерді зерттеумен айналысатын мамандар –спелеологтар бақылап отырды. Бірақ олардың ешқайсысы онымен тікелей байланыста болған жоқ.

Испандық RTVE телеарнасы Беатристің үңгірден күлімсіреп шығып, командасымен кездесу сәтін көрсетті. Ол өзін өте жақсы сезінетінін айтты.

«Мен бір жарым жыл бойы өз-өзіммен сөйлесумен болдым. Мен тепе-теңдік ұстай алмай тұрмын, сол себепті мені жан-жағымнан ұстап тұр. Қарсы болмасаңыздар, мен ең алдымен жуынып алайын, бір жарым жыл бойы суға қол тигізбедім, содан кейін әңгімелесеміз», - деді Беатрис журналистерге.

Кейінірек Беатрис Фламини журналистерге екі айдан кейін күн санаудан жаңылып қалғанын айтты.

«Бір күні мен күн санауды мүлде тоқтаттым», - деген ол үңгірде 160-170 күн өткіздім деп ойлаған.

Оның айтуынша, ең жағымсыз сәттердің бірі – шыбындардың шабуылы болды. Сонымен қатар түрлі дыбыстардың естілуі. «Айнала мүлгіген тыныштық, ал егер өзіңіз де үнсіз болсаңыз, ми небір дыбыстарды ойлап таба бастайды», - деді ол.

Ғалымдар бұл экспериментті әлеуметтік оқшауланудың және уақытша дезориентацияның адамдардың уақытты қалай қабылдайтынына әсерін зерттеу үшін пайдаланды.

Беатрис Фламинидің қолдау тобы ол үңгірде ұзақ уақыт өткізу бойынша әлем рекордын жаңартқанын хабарлады.

2010 жылы рекорд 688 м тереңдіктегі жер астындағы шахтада 69 күнге қамалып қалған чилилік және боливиялық 33 кеншіге берілген болатын.
18 сәуір 2023 ж. 221 0