Оңтүстік Кореяда эскалатор бұзылып, 14 адам зардап шекті
Оңтүстік Кореяда метро станцияларының бірінде эскалатор бұзылып, 14 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Korea Herald басылымына сілтеме жасап.Оқиға Соннаме қаласындағы Сунэ станциясында болды. Эскалатор аяқ асты бағытын өзгерткен.
Оқиға туралы Оңтүстік Кореяның өрт сөндіру қызметіне шамамен таңғы 8:20-да хабарланған. Олардың мәліметі бойынша, ауыр жарақат алған үш адам ауруханаға жатқызылды, ал жеңіл жарақат алған 11 адам медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді.
Түстен кейін Кореяның теміржол корпорациясы (Korea Railroad Corporation) кешірім сұрап, мәлімдеме жариялады.
Компания нысанды техникалық тексеру және техникалық қызмет көрсету амалдарын жақсарту үшін күш салатынын, сондай-ақ мұндай жағдай қайталанбас үшін барлығын жасайтынына уәде берді.
Сонымен қатар Korail елдегі барлық метро станциясындағы эскалаторға күрделі жөндеу жүргізетінін және Корея лифттердің қауіпсіздігі агенттігімен бірлесіп оқиғаны тергеуді жалғастыратынын мәлімдеді.
Korail мәліметі бойынша, эскалатор 2009 жылы қойылған, 2020 жылы қосымша апаттық тежеуіш орнатылған.