Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2050 жылға қарай жүрдек пойыздар Еуропаның барлық астанасын байланыстыруы мүмкін

2050 жылға қарай жүрдек пойыздар Еуропаның барлық астанасын байланыстыруы мүмкін

Таңғы ас Парижде, түскі ас Франкфуртта, кешкі ас Венада – 2050 жылға қарай жүрдек пойыздар Еуропаның барлық астанасын байланыстырады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Еuronews. 
Теміржол саласының өкілдері мен саясаткерлер өршіл жоспарды Брюссельден Берлинге дейінгі алты сағаттық сапар барысында талқылады.
Қазіргі уақытта ЕО-дағы теміржол желілері құрақ көрпе тәріздес. Қауымдастық елдері жол инфрақұрылымына 15 трлн еуро жұмсаса, ал темір жолды дамытуға шығыны айтарлықтай аз болды. 
Сарапшылардың пікірінше, жоғары жылдамдықты желі құрылысы миллиондаған жұмыс орнын ашуы мүмкін. Сонымен қатар теміржол көлігі экологиялық жағынан әлдеқайда таза.
«Бізге тиімдірек желі керек. Еуропалық комиссияның әуе көлігімен әділ бәсекелестік болуы үшін темір жол құрылысын субсидиялауға рұқсат беруін қалаймыз. Біз екі көлік түрі арасында неғұрлым тең ойын алаңын жасауымыз және олардың ең жасыл түрі – пойызға қолдау көрсетуіміз керек», - деді Бельгияның көлік министрі Жорж Жилкине. 
Әзірге еуропалықтар теміржолдан гөрі әуе көлігімен сапарлауды артық көреді. Оған ұшақ билеттерінің арзан болуы да себеп. Бірақ тағы бір мәселе бар.
«Түрлі саяси себептерге байланысты шекараны пойызбен кесіп өту қиын, өйткені бұл халықаралық бағыттар бойынша ұлттық үкіметтердің де, ұлттық теміржол компанияларының да басымдығы емес. Сондықтан мен ЕО-ның қандай да бір саяси шара қолданғанын қалаймын. ЕО-ға ол шешуі тиіс мәселелер бар екенін айтқым келеді», - деді теміржол көлігінің тәуелсіз сарапшысы Джон Уорт.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Сурет: ашық дереккөз 
26 қыркүйек 2024 ж. 83 0