Ыстанбұлда 17 адам қолдан жасалған ішімдіктен уланды
Ыстанбұлда қолдан жасалған алкогольді ішімдіктен уланғандар саны артып отыр. Қазіргі таңда 17 адамның көз жұмғаны белгілі болды, ал ауруханада жатқан 22 адамның халі мүшкіл, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Түркия ішкіс істер министрлігінің хабарлауынша, уланғандар метанол қосылған ішімдікті тұтынған. Метанол – ішімдікті заңсыз, қолдан жасайтындар арзан өнім шығару үшін пайдаланатын улы зат. Метанолды тұтынған адам уланып қана қоймай, соқыр болып қалуы да ықтимал. Оның аздаған мөлшерін тұтынғанның өзінде адам өміріне қауіп төнеді.
Қазіргі таңда полиция спиртті ішімдіктерді заңсыз жасау және оны саудалаушыларды анықтау үшін ауқымды рейдтер жүргізіп жатыр. Күш-қуат құрылымдарының операциялары барысында мол көлемде қолдан жасалған алкогольді өнімдер табылды.
Ыстанбұлда алкогольді ішімдікті қолдан жасап, сатты деген күдікпен 8 адам ұсталды, 6 адам соттың бақылауында, 11 адам босатылды.
Шишли, Бейоглу, Фатих, Кагитхане, Эсеньюрт, Султангази, Бакыркёй, Ускюдар және Умраниеде 46 адам медициналық көмекке жүгінген.
Түркия билігі азаматтарға алкогольді ішімдікті тұтынуда абай болуға шақырып отыр.
Осыған дейін Түркия полициясы Ыстанбұлда 3,6 млн жалған еуро тәркілегені туралы жазған едік.
Сурет: kaz.inform.kz