Нағыз бауыр осындай болады - Әзербайжан президенті Қазақстанға алғысын білдірді
29 желтоқсанда Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына халықаралық әуежайда сұхбат беріп, Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты пікір білдірді.
"Бірінші кезекте Президент Тоқаевқа алғысымды білдіру үшін қоңырау шалдым. Біз апаттан кейін қазақстандық құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, қираған ұшақтан адамдарды шығара бастағанын білдік, ақпарат алдық", - деді ол.
Ильхам Әлиев құтқарушылар өз өмірлеріне қауіп төндіргенін айтты.
"Олар тағы бір жарылыс болып-болмайтынын білмеді. Ұшақтың бір бөлігі өртеніп кетті, ал өрт басқа бөлікке таралуы мүмкін еді. Бірақ соған қарамастан олар нағыз ерлік көрсетті. Сондай-ақ медициналық қызметкерлердің әрекеттерін де атап өткім келеді. Жараланған жолаушылар дереу медициналық мекемелерге жеткізілді. Сондықтан Президент Тоқаевқа алғысымды білдірдім", - деді президент Әлиев.
"Біздің қазақстандық бауырларымыздың ынтымақтастығы Әзербайжан халқының жүрегінде үлкен із қалдырды", - деді президент Ильхам Әлиев.
Ол Қазақстанның қарапайым азаматтары Әзербайжанның Ақтаудағы консулдығына келіп, гүл шоқтарын қойып, көңілге демеу болғанын айтты.
"Міне, шынайы достық пен бауырластық. Сонымен қатар Президент Тоқаевпен әңгімелесу барысында Әзербайжанның тергеу бойынша ұстанымын баяндап, біз халықаралық сараптаманы қолдайтынымызды, бірақ бұл істі мемлекетаралық авиация комитетінің қарауына бере алмайтынымызды айттым. Ол бұл ұстанымды түсіністікпен қабылдады. Әрине, біздің мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, комиссия мүшелері, басшылар, сондай-ақ прокуратура өкілдері үнемі байланыста. Қазақстан өз кезегінде мемлекеттік комиссия құрды, бұл туралы Президент Тоқаев әңгімелесу барысында айтты", - деді Әзербайжан президенті.
Сурет: massaget.kz