Боливияда нөсер жауын салдарынан 16 адам мерт болды
Өткен жылдың қараша айынан бері Боливияда жаңбырлы маусым кем дегенде 16 адамның өмірін қиды және 16 мыңнан астам отбасы зардап шекті, деп хабарлады сәрсенбіде жергілікті билік. Бұл туралы Kazinform Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Боливияда қарашадан қаңтардың бірінші аптасына дейін жауған нөсер жаңбыр су тасқыны мен лай көшкінін тудырып, бұл жаппай қирауға әкелді, деп хабарлады елдің қорғаныс министрінің орынбасары Хуан Карлос Кальвимонтес баспасөз мәслихатында.
Шенеуніктің айтуынша, 36-ға жуық муниципалитетке айтарлықтай шығын келген. Батыстағы Ла-Пастың департаментіндегі Аполо, Ла-Асунта және Лурибай муниципалитеттерінде билік апаттың салдарын жою үшін «табиғи апат жағдайын» жариялады.
Елдегі тоғыз департаменттің сегізі ауа райына байланысты проблемалар мен қираулар туралы хабарлады.
Қараша айынан бері тіркелген басқа да ауа райы құбылыстары, соның ішінде аяз бен бұршақ бес департаментке зиян келтірді.
Болжам бойынша, жаңбырлы маусым 2025 жылдың наурыз немесе сәуір айына дейін созылады.
Сурет: kaz.inform.kz