Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлемдік нарықта мұнай бағасы тағы да төмендеді

Әлемдік нарықта мұнай бағасы тағы да төмендеді

Соңғы күндері әлемдік мұнай нарығында тұрақсыздық белең алып, жетекші мұнай маркаларының бағасы күрт төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атап айтқанда, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 65 доллар деңгейіне дейін арзандады.

Астана уақытымен таңғы 08:25-тегі мәліметке сәйкес, Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың маусым айына арналған фьючерстерінің бағасы 2,13 пайызға құлдырап, 65,44 долларды құрады. Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың мамыр айындағы келісімшарттары 2,09 пайызға арзандап, барреліне 61,70 доллар деңгейінде тіркелді.

Мұнай бағасының төмендеуіне басты себептердің бірі — Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жүріп жатқан келіссөздер. Егер тараптар нақты келісімге келсе, АҚШ-тың Иранға салған санкциялары жұмсарып, бұл елдің мұнайы қайтадан халықаралық нарыққа шығуы мүмкін. Бүгінге дейін Иран мен АҚШ арасында үш раундтық келіссөздер өткізілді, ал төртінші кездесу алдағы сенбіге жоспарланып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бағаның құлдырауына тағы бір ықпал етуші фактор — ОПЕК+ елдері тарапынан мұнай өндіру көлемінің артуы мүмкін деген болжам. Бұл жағдай инвесторлар арасында алаңдаушылық туғызып, нарықтағы тұрақсыздықты күшейтті.

Мамандар алдағы күндері мұнай бағасына қатысты жағдайдың одан әрі құбылмалы болатынын жоққа шығармайды.

Фото: baq.kz
29 сәуір 2025 ж. 57 0