Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аргентинада су тасқыны салдарынан 7,5 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Аргентинада су тасқыны салдарынан 7,5 мыңнан астам адам эвакуацияланды

Аргентинаның Буэнос-Айрес провинциясында толассыз жауған жаңбыр салдарынан жойқын су тасқыны болып, 7500-ден астам адам эвакуацияланды. Бұл туралы AFP және AP агенттіктері жергілікті билікке сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Су тасқыны үшінші күн қатарынан жалғасып жатыр. 18 мамыр, жексенбіге қарай өңірде бір шаршы метрге 400 мм-ге дейін жауын-шашын түскен. Бұл — айлық нормадан тоғыз есеге артық (қалыпты мөлшері — 45 мм). Метеорологтар алдағы күндері де нөсер мен дауылды жел сақталатынын ескертті.

Құтқару жұмыстарына 300-ге жуық өрт сөндіруші, азаматтық қорғаныс күштері және полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Олар резеңке қайықтар мен байдаркаларды пайдаланып, адамдарды су басқан аудандардан эвакуациялап жатыр.

Су тасқынынан ең қатты зардап шеккен өңірлердің қатарында Кампана мен Сарате қалалары бар. Сонымен қатар Буэнос-Айрес маңы, бірнеше ауылшаруашылық аймақ пен жол тораптары да судың астында қалды. Кампана қаласында бірнеше отбасы үйлерінің шатырында түн өткізуге мәжбүр болды. Ал 44 жолаушысы бар автобус ішкі өңірлерден ел астанасына баратын жолдардың бірінде 10 сағат бойы қозғалыссыз тұрды.

Буэнос-Айрес провинциясының губернаторы Аксель Кисильоф бұл табиғи апатты климаттың өзгеруімен байланыстырды. Оның айтуынша, соңғы жылдары мұндай ауа райы құбылыстары жиілеп, салдары күшейіп барады.

Айта кетейік, бұған дейін наурыз айында Буэнос-Айрес провинциясының оңтүстігіндегі Баия-Бланка қаласында да су тасқыны болып, 18 адам көз жұмған. Ол кезде бір тәулікте шамамен 300 мм жауын-шашын жауған болатын.

Фото: baq.kz
19 мамыр 2025 ж. 73 0