Жапонияда аптап ыстық салдарынан 18 адам көз жұмды

28 шілде мен 3 тамыз аралығында ел бойынша 9,5 мыңнан астам адам жылу соққысы диагнозымен ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің 225-і ауыр халде үш аптадан астам ем алуға мәжбүр. Ауруханаға жатқызылғандардың 58 пайызы – 65 жастан асқан егде адамдар, - делінген мәлімдемеде.
Мамандардың айтуынша, соңғы апталардағы күн райы – Жапония тарихындағы ең шекті кезеңдердің бірі. Мәселен, 5 тамыз күні Исесаки қаласында көлеңкеде ауа температурасы 41,8°C-қа жетіп, елдегі метеорологиялық бақылау басталғаннан бергі абсолюттік рекорд тіркелді.
Маусым айынан бері елде күннің күрт ысуы байқалып келеді. Бұл жағдай әсіресе жасы үлкен адамдар мен созылмалы аурулары бар тұрғындарға қауіпті болып тұр. Жергілікті билік азаматтарға кондиционерлерді жиі қосып, жеткілікті мөлшерде су ішіп, көшеде ұзақ жүрмеуге кеңес беруде.
Климаттық өзгерістерге байланысты аптап ыстықтың жиілеуі – жапон қоғамының алдында тұрған маңызды қауіптердің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Фото: baq.kz