Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бразилияда жолаушылар автобусы аударылып, 17 адам қаза тапты

Бразилияда жолаушылар автобусы аударылып, 17 адам қаза тапты

Бразилияның солтүстік-шығыс бөлігінде ірі жол апаты болды. Жолаушылар автобусы құм үйіндісіне соғылып, аударылып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Report агенттігіне сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, апат салдарынан 17 адам қаза тапқан. Оқиға кезінде автобуста шамамен 30 жолаушы болған. Зардап шеккендердің нақты саны анықталып жатыр.

Жол-көлік оқиғасы Пернамбуку штатының Салоа қаласында болған. Автобус Баия штатынан келе жатқан.

Полицияның хабарлауынша, жүргізуші көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен де, жол жиегіндегі тастарға соғылған. Соққыдан кейін автобус қапталымен аударылып түскен. Жүргізушінің өзі жеңіл жарақат алған, ал алкогольге жүргізілген тест теріс нәтиже көрсеткен.

Баия штатының губернаторы Жерониму Тейшейра апаттан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ол өңір билігі құтқару жұмыстарына қатысып жатқанын және қаза болғандарды анықтауға көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Бразилия көлік министрлігінің дерегінше, 2024 жылы ел жолдарында 10 мыңнан астам адам көз жұмған.

Фото: baq.kz
19 қазан 2025 ж. 72 0