Тәжікстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 35 пайызға өсті
2025 жылы Тәжікстан экономикасына тартылған шетелдік инвестиция көлемі 6,9 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.Тәжікстан Республикасы Инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Султон Рахимзода есептік баспасөз конференциясында өткен жылдың қорытындысы бойынша елге 6 925,3 млн доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылғанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 1 798,6 млн долларға, яғни 35,1 пайызға артық.
– Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен тартылған инвестиция көлемі 3 031,0 млн долларды немесе жалпы көлемнің 43,8 пайызын құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1 067,3 млн долларға, яғни 54,4 пайызға көп, – деді спикер.
Оның айтуынша, алыс шет мемлекеттерден келген инвестиция көлемі 3 894,3 млн долларды немесе жалпы көлемнің 56,2 пайызын құрады. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 731,3 млн долларды немесе 23,1 пайызды құраған.
Фото: Мәдібек Жәнібеков










