Кениялық желаяқ Лондон марафонында рекорд орнатты
Себастьян Саве 42 шақырым 195 метр қашықтықты рекордтық қысқа уақыт ішінде жүгіріп өтті. Тарихта тұңғыш рет желаяқ бұл межені екі сағаттан аз уақытта бағындырды. BBC-дің хабарлауынша, оның көрсеткіші - 1:59.30.
Спортшы 30 жаста. Ол марафон қашықтығын екі сағатқа жетпейтін уақытта өткен әлемдегі алғашқы желаяқ атанды.
Себастьян Саве шешуші серпілісті мәреге 10 шақырым қалғанда жасады. Марафонда алғаш рет бақ сынаған эфиопиялық Йомиф Кеджелча одан қалыспауға тырысты. Ол жеңімпаздан 11 секунд кейін келіп, оның да уақыты екі сағаттан аз болды (1:59.41).
Үздік үштікті жартылай марафоннан әлемдік рекордтың иесі, угандалық жеңіл атлет Джейкоб Киплимо түйіндеді. Ол мәреге 2:00:28 нәтижесімен жетті.
Үш спортшы да 2023 жылы Чикагода тағы бір кениялық желаяқ Келвин Киптум орнатқан бұрынғы марафон рекордын (2:00:35) жаңартты. Себастьян Саве Киптумның нәтижесін бір минуттан астам уақытқа жақсартты.
Өзімді тамаша сезініп тұрмын. Мен өте бақыттымын. Бұл күнді мәңгі есте сақтаймын. Біз жарысты жақсы бастадық. Мәреге жақындағанда бойымда күш-қуат барын сезіндім. Сызықты кесіп өтіп, уақытты көргенде қатты толқыдым, - деді Саве BBC-ге берген сұхбатында.
baq.kz











