Гуам мен Солтүстік Мариана аралдарына «Бави» супер тайфуны соқты
«Бави» супер тайфуны АҚШ-тың Тынық мұхитындағы Гуам мен Солтүстік Мариана аралдарына соғып, жойқын жел мен нөсер жаңбыр әкелді. Табиғи апат салдарынан электр және сумен жабдықтау жүйелері зақымданып, тұрғындар эвакуациялық орталықтарға орналастырылды.
АҚШ Ұлттық ауа райы қызметінің (NWS) мәліметінше, тайфун Рота аралының үстінен өткен кезде желдің жылдамдығы сағатына 290 шақырымға дейін жеткен. Мамандар мұндай дауылдың апатты зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, толқындардың биіктігі 11 метрге дейін көтерілуі ықтимал екенін хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Солтүстік Мариана аралдарында айтарлықтай қираулар тіркелген. Гуам билігі зақым көлемін бағалау жұмыстарын бастады.
Тайфуннан кейін Гуамдағы су жүйесіне де зиян келді. Жергілікті су басқармасының мәліметінше, аралдағы 99 ұңғыманың 28-і уақытша жұмысын тоқтатқан.
Билік жағалаудағы су тасқыны мен биік толқын қаупі әлі де сақталып отырғанын айтып, тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Қазіргі уақытта «Бави» Филиппин теңізі арқылы батыс бағытта жылжып барады. Сарапшылардың пікірінше, климаттың өзгеруіне байланысты мұндай қуатты тайфундар соңғы жылдары жиілеп келеді.
Ақпарат көзі: baq.kz











