Аптап ыстыққа байланысты Өзбекстанның екі облысындағы балабақшалар уақытша жабылды
Аптап ыстыққа байланысты Өзбекстанның Хорезм және Науаи облыстарындағы мемлекеттік балабақшалардың жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі. Ресми мәліметке сәйкес, екі өңірдегі балабақшалар 14-17 шілде аралығында жұмыс істемейді. Бұл шешім Санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық комитетінің ұсынысымен қабылданды.
Uzhydromet болжамына сай, 17 шілдеге дейін Өзбекстанда аптап ыстық жүреді. Республика аумағының басым бөлігінде ауа температурасы +43 градусқа, ал елдің солтүстік, оңтүстік және шөлейт аймақтарында +46 градусқа дейін көтеріледі.
Еске салайық, бұған дейін Қарақалпақстандағы балабақшалар уақытша жабылған еді.
Қоса кетсек, 2026 жылы Жер тарихтағы ең ыстық маусымдардың бірін бастан кешірді, мұхит температурасы жаңа рекордқа жетті.
Сондай-ақ, аптап ыстықтан Францияда сегіз ядролық реактордың қуаты төмендетілді.










