Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл Қызылордада орман өсіру көлемін ұлғайту жоспары бекітілді

Биыл Қызылордада орман өсіру көлемін ұлғайту жоспары бекітілді

Келер жылдары теңіздің құрғаған ұлтанында 213,1 мың гектар жерге 177,5 млн ағаш егу жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қызылорда өңірінде экология – аса өзекті мәселе. Бұл мәселе Арал теңізінің құрғау салдарымен байланысты. Бүгінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанының жалпы көлемі 6 млн гектарды құраса, оның 2,5 млн гектары Қазақстан аумағына тиесілі. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында соңғы 29 жылда теңіз ұлтанының қазақстандық бөлігінде 194 мың гектар сексеуіл және басқа да галлактивті өсімдіктер көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Бұл көшеттер қазіргі уақытта табиғи түрде өсіп, көбеюде», - дейді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Оның айтуынша, Қызылордадағы ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың қадамдық жоспары биыл қараша айында бекітілді. «Осы жоспарға сәйкес, келер жылдары теңіздің құрғаған ұлтанында 213,1 мың гектар жерге 177,5 млн ағаш егуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, орман молықтыру жұмыстарына және елді мекендерге қажетті ағаш егу мақсатында орман тұқым бақтарының көлемі 100 гектарға ұлғайтылады.бұл жұмыстарға алдағы 5 жылда облыстық бюджеттерден 1,1 млрд теңге қаржы қаралады.
Дегенмен, қазіргі таңда аймақтағы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық техникалық базасы төмен екенін айта кету керек. Сонымен қатар, қажетті техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға біз қосымша республикалық бюджетке 1,8 млрд теңге қаржы бөлу туралы бюджеттік өтінім жолдадық», - дейді ол.
inform.kz
10 желтоқсан 2020 ж. 526 0