7 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі
www.inform.kz ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 7 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1929 жылы Алматыда «Қызыл әскер» қазақ тіліндегі тұңғыш әскери газетінің алғашқы саны жарыққа шықты. Газет аптасына бір рет шығып тұрды. Газет Кеңес өкіметінің қорғаныс қуатын арттыру, қазақ жастарын әскери өнерге баулу, офицерлердің әскери білімдерін кеңейту, еңбекшілердің Қызыл әскермен байланысын нығайту жолында жұмыс жүргізді. Қазақ дивизионын, атты әскер полкін жасақтау ісіне белсене атсалысты. Газеттің жұмысына І.Жансүгіров, А.Лекеров, Ә.Көшімов, т.б. белсенділер қатысып тұрды. Оның бүгінгі мұрагері - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық баспасөз органы - «Қазақстан сарбазы» басылымы.
1934 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Қыз Жібек» опералық шығармасының алғашқы қойылымы өтті. Басты партияларды К.Байсейітова (Жібек), Қ.Байсейітов (Төлеген), М.Ержанов (Шеге) орындады. Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, армандарына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады. Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторларының (Үкілі Ыбырай, Мүхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет) ән-күйлері молынан пайдаланылды. «Гәкку», «Айқара көк», «Аққұм», т.б. халық әндері кейіпкерлердің бейнелерін ашып, шығарманың ұлттық бояуын канықтыра түсті. «Қыз Жібек»» операсының қойылуы ұлттық мәдениет тарихындағы айтулы оқиға еді. Опера сахнада ұзақ жылдар қойылып келеді. Әнші әртістердің кәсіби деңгейі өсіп, орындаушылық қабілетінің шыңдалуына ықпал етті.
1956 жылы геологтар және құрылысшылар кенті Арқалықтың негізі қаланды. 1960 жылы Арқалық Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланды. 1965 жылы Арқалық қала мәртебесін алды, 1971 жылы жаңадан құрылған Торғай облысының орталығы болды. 1963 жылы Мәскеу жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастарының «Жас тұлпар» мәдени-ағарту ұйымы құрылды. Ұйымдастырушылары Мұрат Әуезов, Алтай Қадыржанов, Болатхан Тайжанов болды.
2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ҚР Парламентінің 10 жылдығы құрметіне арналған мерекелік медаль туралы» Жарлығы шықты. Мерейтойлық медаль қазақстандық парламентаризмнің дамуы мен орнығуына елеулі үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтарын және шетел азаматтарын көтермелеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің 10 жылдығын атап өту мақсатымен белгіленген.
2011 жылы ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірова поляк музыка мәдениетін танытуда сіңірген еңбегі үшін Польшаның мемлекеттік сыйлығы – «Еңбек Қызыл Крестімен» марапатталды.
2016 жылы Эстония Республикасы мен Бутан Корольдігі мемлекеттік қызмет саласындағы Астана аймақтық хабының қатысушы елдері атанды.
2017 жылы Токио Үкіметінің қолдауымен 7 қарашада Жапонияның Бақытгүл (Хризантема) әуесқойлары қауымдастығы Хибия орталық саябағында ұйымдастырған 95-ші Токио бақытгүл фестивалінде «Президент Назарбаев» гүлі «Мәртебелі» атағына ие болды.
2018 жылы Ақтауда Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Нәзира Қыдырбаева мүгедектерге арналған қол протезін жасап, оны ғылыми негіздеді. Дарынды оқушы жоба үстінде бір жыл жұмыс істеген. Оны шетелге шыға алмайтын мүгедектердің жағдайы алаңдатқан. Сондықтан баршаға қолжетімді қол протезін жасауды мақсат етіпті.
2018 жылы Шымкент қаласындағы дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Асанбай Асқаров 1978 жылдан 1985 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы обком партиясының бірінші хатшысы қызметін атқарған. Қаланың көрікті жерінің біріне айналған дендросаябақ та Асқаровтың тікелей атсалысуымен ашылып, халық игілігіне берілген.