4 қараша. ҚазАқпарат күнтізбесі
2019 жылғы 4 қарашаға арналған күнтізбесін ұсынады деп хабарлайды inform.kz.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1907 жылы Орынборда татар тілінде «Орал» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. 4 қаңтардан 27 сәуірге дейін 31 нөмірі шыққан. Әлеуметтік-саяси мәселелерді көтеретін большевистік бағыттағы басылым.
1952 жылы «Қазақстан мұғалімі» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Басылым бастауыш және орта мектептердің мұғалімдері мен педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Айына екі рет шығады.
1977 жылы Қазақ кардиологиялық ҒЗИ құрылды. 2001 жылы институт кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ болып өзгертілді. 2010 жылдан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ» РМК болып қайта құрылды.
1995 жылы Трансазиялық темір жолдың Шу стансасынан Арыс стансасына дейінгі 582-километрлік электр желісіне қосылған учаскесі ашылды. Ол іске қосылған соң республиканың солтүстік және оңтүстік аймақтарын байланыстыратын транс қазақстандық темір жолдың электрификациясы аяқталды.
2000 жылы Астана қаласының іргесіндегі Қабанбай батыр ауылының маңында қолбасшы, батыр Қабанбай кесенесінің ашылу салтанаты өтті.
2000 жылы Қазақстан Есірткіге қарсы күрес жөніндегі комиссияның (КҚК) мүшесі болды. КҚК 1946 жылы БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ECOSOC) шешімімен құрылды және БҰҰ жүйесіндегі орталық орган саналады.
2012 жылы Бразилияда Селарон баспалдағында әртүрлі елдердің көптеген плиткаларының ішінде Қазақстан жазуы пайда болды. Қазақстандық Вероника Иванова республикамыздың PR-кампаниясына өз үлесін қосты.
2014 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының сайтының www.presidentlibrary.kz таныстырылымы өтті.
Сайт екі бөліктен - Мемлекет басшысының Жеке электронды кітапханасынан және мәліметтердің электронды базасынан тұрады. Электронды база арқылы оқырман 13 млн 132 мың мәліметке қол жеткізе алады. сайтқа тіркелген қолданушы «Бұлтты қор-мұрағаты 20+» жобасымен (сенсорлы экран) жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Онда Мемлекет басшысының қызметіне байланысты фото, бейнемұрағат бір жүйеге келтірілген.
2016 жыл. ҚР Ұлттық банкі «Ұлы даланың қазыналары» сериясымен номиналы 500 теңгелік «proof» сапасындағы «Күлтегін» естелік күміс монеталарын айналымға шығарды.
2016 жылы «Қазақ елі» атты қазақ мультипликациясы тарихындағы тұңғыш тарихи толықметражды анимациялық фильмі Барселонада (Испания) өтетін Азия фильмдері кинофестивалінің (Asian Film Festival) негізгі байқауына іріктеліп алынды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «САҚ-дала» ЖШС түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі болашақ хандар - Жәнібек пен Керейдің балалық шағы мен есею жылдары туралы баяндайды.
2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің аясында өткізілген гуманитарлық және медициналық персоналды қорғау жөніндегі министрлер деңгейіндегі іс-шара аясында Қазақстан медициналық және гуманитарлық персоналды, қақтығыс аймақтарындағы медициналық инфрақұрылымды қорғауды күшейту туралы бірқатар ұсыныстардан тұратын саяси декларацияға қол қойды.