Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарттарым-қазынам

Қарттарым-қазынам

Біз қазақ болашағын бүгіннен артық бағалаған елміз. Келер күннен күллі жақсылықты дәметіп, ертеңіміз үшін ерінбей ерлік қылған халықпыз. Өзіміз көрмеген сәулелі өмірді соңымыздан ерген ұрпақтарымызға, балаларымызға тілейтініміз талайға аян.
Иә, балаларымыздың бағбаны бола білгенбіз. Ал балаларымыз біздің жемісіміз, олардың жеткен жетістігі өзіміздің жетістігіміз. Осы жолда еңбек етіп шаршағанымыз, бейнетіміз, кейін зейнетімізге ұласады деп күткенбіз. «Баланы өскенше, немерені өлгенше» деген тәмсілдің туындауы да осыдан болар.
Ал жеткіншектеріміз өздері үшін ата-аналарының көрген қиындықтарының қадірін түсініп жүр ме?! Осы ой баршамыздың мазалайды.
Көпке топырақ шашудан аулақпын. Десе де, қарттарымыздың қадірі қалмай бара жатқандай көрінеді кейде.
Егер олай болмаса, терезеге телміріп, балаларын күткен, немересінің маңдайынан бір иіскеуге зар болған ақ жаулықтылар мен ақ сақалдыларымыз қайдан шықты. Өз баласынан көрмеген мейірімді өзгелерден көретін қарттар үйі ше?! Осыларды көргенде көңіліміз қуарып, еңсеміз езілердей күй кешетінімізді жасырмаймыз. Сонда, қартайған шағындағы бейнетінің өтеуі, көрген зейнеті осы болғаны ма?!
Біздің табанымызға кірген тікенді маңдайыма кірсе деп тіледі. Бала күнгі шат күлкімізді көріп, күнұзаққа көрген ауырпашылықты бір-ақ сәтте ұмытты. Себебі, бізден үміт күтіп, ертең мені осылайша аялайды деп білді. Олар бізге ыстық алақанын тосты. Суыққа тоңбасын деп құшағында жылытты. Ал, біз қартайған шағында сол мейірімнің өтеуін осылайша өтеуге тиіспіз бе?!
Әрине, жоқ. Өйткені, қартын қазынасына балаған қазақтың ұрпағымыз. Тектілігіміз де сол қазақылық қанымыздан тараған. Ал, қазақ үшін төрінде отырған қарты-арқасүйері.
Сонау шақтарда, бала кездерде еркелікпен ессіздік танытып, көңілдеріне кірбің салған болармыз. Бірақ, ата-анамыз оны елемейді де. Бірақ, ержеткен тұста ессіздік танытқанымыз біз үшін жанын құрбан етуге даяр жандардың жүрегіне салынған емі жоқ жара екенін ұмытпағанымыз абзал.
«Жұмақтың кілті ананың табанының астында» дейді қазақ. Пейішбақтың тұрғыны болу үшін әкеміз бен анамызды құрметтеудің өзі жеткелікті екенін осы сөзден-ақ түйсінсек етті.
Тәуелсіз қазақ елі болып, егемендігімізді алған тұста, қарттарымыз қарттар үйіне тәуелді болмаса екен дейміз.
О. Бөрі.
21 желтоқсан 2017 ж. 1 944 0