Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елордада жануарларға арналған ерекше көрме ашылды

Елордада жануарларға арналған ерекше көрме ашылды

Бүгін Астанада «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында адамдардан зәбір көрген жануарларға қатысты проблеманы арқау еткен «Мен сеземін» атты жыл сайынғы қайырымдылық көрмесі ашылды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қаладағы жаһандық өзгерістердің негізінде азаматтық бастамалар жатқандықтан, ерекше көрмеге Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетуде.
Еріктілердің жұмысы – белсенді өмірлік ұстанымның, қала мен оның тұрғындарының тағыдырына деген жауапкершіліктің маңызды белгісі. Қоғам үшін өзекті мәселелерді шешу «өзгерісті өзіңнен баста» қағидасы бойынша сананы жаңғыртудан, ал Отанға деген махаббат әр азаматтың әлеуметтік жауапкершілігін танытуынан басталады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» бағыты да осы қағиданы негіз еткен.
«Keruen city» сауда орталығында ұйымдастырылған фотокөрмеде келушілер назарына Руслан Хасанов, Тимур Жұматов, Елена Сычева, Ирина Ахмадиева, Лилия Батреева, Сәния Құдайқұлова, Анар Майкопова, Елена Полякова сияқты елордаға аты таныс 9 суретшінің жұмыстары қойылған. Әр суреттің негізінде ерекше оқиға жатса керек.
Шара ұйымдастырушылары бұл оқиғалар адамдардың жануарларға деген аяушылық сезімін оятып, төрт аяқты достарына деген зәбірдің түбірімен жойылуына септігін тигізе алады деп есептейді.
«Біз бұл көрмені екінші жыл қатарынан ұйымдастырып отырмыз. Былтыр көрмеге алпысқа тарта адам қатысса, биыл арыз берушілердің саны екі жүз елуге жетті. Жыл сайын біздің қатарымыздың ұлғайып отыратыны қуанышты жағдай, әрине. Біз адамдардың өз «достарын» сатып алғанын емес, оларды жануарлар үйінен алғанын қалаймыз. Көрмедегі әр суретте құтқару оқиғасы бейнеленген. Құтқарушы адам ғана емес, жануар да бола алады. Мысалы, күйеуі өмірден озғанда әйелдің күйзелістен шығуына көмектескен иттің суреті тұр осында. Қазір олар – айырылмас достар», - дейді «Қайырымдылар клубының» негізін қалаушы Гүлмира Әбдірашева.

Тұрғындар бұл жұмыстарды тегін тамашалай алады, қайырымдылыққа арнайы ақшаны бөлу де міндетті емес. Ал ерікті түрде қол ұшын созғысы келетіндерге көрме аумағында арнайы жәшік орнатылған. Жиналған барлық қаражат «Ковчег» жануарлар үйі мен қаладағы @zverohelp_astana жануарларды қорғау жөніндегі қозғалыстың еріктілері арасында бөлініп, жануарларға арналған екпелерге, зарарсыздандыру шараларына, жануарлар азығына жұмсалатын болады.
Айта кетейік, көрме «Keruen city» сауда орталығында (Қорғалжын тас жолы, 1) 6 сәуірге дейін жұмыс істемек.

Жануарларды қорғауға, оларға мейірімділік танытуға шақыратын мұндай көрмелер әлемдік тәжірибеде қоғам тарапынан үлкен қолдау табуда. Астана қаласының әкімдігі осы проблеманы көтере отырып, үйсіз жануарлардың санын азайту мақсатында бірқатар шараларды қолға алған. «Астана жастары» ЖРО-ның директоры Мұхамеджан Болысбектың берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда елордада 4 га жерге байланыс зообағы бар жануарларға арналған үйді орналастыру жобасы әзірленуде. Осы жобаның жүзеге асуының нәтижесінде астаналықтар зообақта серуендеп жүріп, өзіне ұнаған жануарды асырап ала алатын болады.

25 наурыз 2018 ж. 1 111 0