Досы көп адам
Досы көп адам» деген сұхбатым қоғам және мемлекет қайраткері Қ.Саржановтың туғанына 60 жыл толуына орай 1997 жылы жазылған екен. Қазір ол азамат сексеннен асты. Десе де, сол кезеңдегі, яғни теңіздің тартыла бастаған шақтағы жай-жағдайды бүгінгі ұрпақ білсін деген мақсатпен сол жазбамды баспаға қайта ұсынып отырмын. (Автор)
Сол ініміз бүгінде алпысқа келіпті. Ой, уақыт десейші! Не деген жүйрік ең! Құдекенді алпыс жасымен құттықтай отырып, аз-кем әңгімеге тартқаным бар-ды.
– Құдеке, басшы болуды армандадыңыз ба?
– Иә, армандадым,– деді ол едәуір ойланып алып, – бұл құмарлық ойда жоқта тап болды. Мен 1937 жылдың күзінде Аманөткел ауылына қарасты «Қарамойын» деген жерде дүниеге келдім. Төртке толғанда 1941 жылы әкем қайтыс болды. Ұлмекен анамның тәрбиесінде өстім. Біз «Қарамойыннан» Аманөткелдегі мектепке жаяу қатынап оқитынбыз. Екі аралық 7-8 шақырым. Қыс айы еді. Арамыздан аттылы кісі жетті. «Әй, балдар» деп бізді жалт қаратты да, «кілең «беске» оқитының атқа отыр» деді. Бәріміз қалт тұрып қалыппыз. Балдар мені итермеледі. Атқа қондым. Ауылға жеткенше парасаттылық, достық жайлы көп сыр айтты. Тыңдап келем. Айта түссе екен деймін. Бұл кісі кім деп сұрастырсам, колхоз басқармасы Байбосынов Жетпісбай деген ағамыз екен. Осы кездесуден кейін бұрынғыдан да жақсы оқуға, басшы болуға деген ынтамның арта түскенін қалай жасырайын.
– Дәуқара, Жаналы есімді достарыңызбен Атыраудағы балық техникумында оқыпсыз. Сонда жатар орныңыз олардан оқшау болыпты ғой?
– Әбеш ағам әскерден оралысымен бізді Аралға көшіріп алған-ды. 6-7 класты қалада оқып, талай балдармен таныстым. 1952 жылдың тамызында Атырау балық техникумына қабылдауға қағаз келеді. Үй жібергісі жоқ. Әйтсе де өжеттеніп, Дәуқара мен Жаналыға ердім. Техникумға Балқаш, Зайсан, Алакөл, Каспий бассейндерінен орыс, кәріс, болгар балдары да келді. Сабақ орысша жүреді. Жалғызақ қазақ мұғалімі бар. Ол әскери тәрбиеден сабақ береді. Орысшаға мүлде шорқақпыз. Сабақты жаттап алғанда «көтерем» үшке әрең ілігеміз. Төрт ай өткесін екі достан – Дәуқара мен Жаналыдан рұқсат сұрап, басқа бөлмеге ауыстым. Онда болгар Анатолий, украин Василий, орыс Геннадиймен араластым. Мақсатым – орыс тілін үйрену. Соған жеттім. Қара теңізде, Азовта, Қырымда, Севастопольде, Каспийде практикада болған кезімде тіл білетіндігім қол берді. Сондағы көрген-білгенімізді орыс тілінде жазып сынақ қорғаушы едік. Әжептәуір төселгесін, соңғы курста достарыма қайта табыстым.
– Балық министрі болғанға дейін үлкен мектептен өттіңіз. Жоғарғы партия мектебін бітіріп, өндірісті басқардың, обкомда, аупартком мен ауаткомда жауапты қызмет атқардың. Ал балық комбинатының директорлығынан бірден министрдің креслосына «секіру» сирек оқиға сияқты. О жақта сізден де тәжірибелі мамандар баршылық еді ғой?
– Дұрыс айтасыз. Тіптен де көпті. Балық комбинатының Бас директорлығына ауатком төрағасының бірінші орынбасарлығынан келдім. Бұл – 1974 жылдың наурызы еді. Арал теңізінің қайта бастаған тұсы. Көлдер құрғай бастаған. Не істеу керек? Балықты сырттан аулауға және мұхит балықтарын әкеліп өңдеу қажеттігі туды. Бұл қыруар жұмыс еді. Ақтөбеден, Торғайдан зауыт аштық. Балқаштың «Қарашеген» деген жеріне үлкен пункт салдық. Ырғыздағы «Құрдым» мәселесін де осы кезде көтердік. Аралдың суы тартылып бара жатқанын талай мінбеден айттым.
– Әлгі СССР Балық министрі А.Ишкеновтің Аралға келетіні қашан еді?
– Е-е, осы тұс. Мәселені үздіксіз қойғасын келді. Содан соң жылына алты-жеті мың тонна мұхит балығын алып тұрдық. Бергенді алудың өзі де оңай емес. Жар құлағың жастыққа тимей жүгіру керек. Ставрида, скумбрия, сельдь, сосын путасу, хек, мойва балықтарын өңдеуде Райхан Қалабаев пен Сайын Домбаев сияқты шеберлер басқаратын цех коллективтерінің аты шықты. Олардың әрқайсысы үлкен зауыттың өнімін берді. Және екеуі де айтулы өз істерінің нағыз шебері еді. Біздің осы бастамамыз Қазақстанның өзге балық шаруашылықтарына үлгі болды. Одақтық, республикалық ауыспалы туларды жеңіп алдық. Десек те, теңіз су қайтқан үстіне қайтып бара жатты...
– Министр болған жайыңызға оралсаңыз?
– 1978 жылы республиканың Үкімет үйінде Қызылорда облысы бойынша балық шаруашылығы мәселесі тындалатын болды. Обком хатшысы А.Шевцов, облатком төрағасының орынбасары Е.Көшербаев, Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы В.Ковалев – төртеуміз бардық. Мен сөйлейтін болдым. Үкімет басшысы Б.Әшімов сөзімді құптағандай басын изеп қояды. Әңгіме Арал тағдыры жайлы. Екі үш сұрақ қойды. Жауап қайтарғасын, «Бәрі дұрыс, отырыңыз» деді. 1980 жылы балық шаруашылығы министрі Өтеғалиев босап, орнына М.Сағдиев келді. Сол жылы Тюмень қаласында Одақ көлеміндегі балық шаруашылығының үлкен семинары болды. Жері қандай! Суы мол, көлі көп, ну ормен, ашық, кең дала. Маған пейіш болып көрінді. Бұл жерге бір кездері патша өкіметі декабристерді жер аударды. Сол азаматтардың салған үйлерін, отырғызған ағаштарын халық өте қастерлейді екен. Бұл өмір мектебі болды.
Е-е, сөйтіп, Қазақ ССР балық шаруашылығы министрлігінің ең алдыңғы қатардағы өндіріс орны болып, абыройлы тұрған шақта маған Орталық партия Комитетінің бөлім меңгерушісі Л.Дәулетова сөйлесті. Мұндай қоңырау бұрынсоңды болмаған-ды. Мәліметтерді сипалай бастадым. Жо-қ, ол кісі басқаша әңгімеге көшті. Ешқайда хабарласпай тура маған келіңіз деді. Бардым. Біреулер шағым жасаған болар деп қауіптенем. Сөйлесе-сөйлесе келіп «Министр қызметін берсек, алып кете аласыз ба» демесі бар ма? Не дейін?! «Алып кетемін» дедім. Астанадан оралғасын ай өтпей-ақ қайта шақырылдым. Балық өндірісін бақылайтын хатшы Ю.Трофимов мақұлдағасын, енді Қонаевтың өзі қабылдайтынын айтты. Төрде пайғамбардай болып Димекең отыр. Тұрып келіп қол алды. Саржанов сен екенсің ғой. Алматының қуларынан қорықпайсың ба, деп әзілдей жай--жапсарды сұрады. Сол кездегі министрдің ең жасы мен екенмін. «Қазір Б.Әшімовке кіргіз, түстен кейін бюроға әкел» деп Дәулетоваға тапсырды. Менің қолымды қысып, «Табыс тілеймін» деді. Міне, осылай, 1983 жылдың 10 наурызы күні жарлық шықты.
– Вьетнамға Қазақстан делегациясын басқарып барғаныңыз да осы жылдың күзі шығар?
– Иә-ә, жеті айдан кейін. Москва-Ташкент-Индия-Пәкістан арқылы ұшып, 21 сағат дегенде Хошиминге келіп қондық. Барлығы 20 адам едік. Делегация құрамында профессорлар, әнші-биші, әртістер болды. 20-25 күндей жүрдік. Вьетнамның оңтүстігі мен солтүстігін тегіс аралап, өндіріс орындарының тыныстіршілігімен таныстық. Вьетнамның жер көлемі – 654 мың шаршы километр. Халқының саны – 64,5 миллион. Кейбір отбасыларда 12- 14 балаға дейін бар. 45 жылдай француздар мен Американың қол астында болғандықтан, соғысқа әбден машықтанған. Халқы еңбекқор, күріштен жылына екі рет өнім алады. Жыл он екі ай қыс болмайды. Ауасы жылы, ылғалды. Креветки деген шаянды аулап, валютаға сатады. Сапалы каучук шығарады. Каучук әдейі өсірілген ағаштардан қаймақ сияқты ағып тұрады. О жақтан оралғасын «ҚазақстанВьетнам достық қоғамы» президиумының төрағалығына сайландым.
– Арал ауданының Аманөткел елді мекенінен №4 құрылыс мекемесі Сіздің министр кезіңізде ашылды білем?
– Ол кезде жаңа мекеме ашу үшін Мәскеумен келісіп, солардан қаражат сұрайтынбыз. Осының ізінде жарты жылдай жүрдім. Әрі кілең жаңа техника бергіздім. Және тоғанды балық шаруашылығын ашып, Қамбаш питомнигі екеуіне елу проценттен айлыққа қосымша төленді. Мұны Үкімет қамқорлығы дейміз. Десе де ол үшін табанды күрес керек. Бұның бәрін жай халық біле бермейді ғой. «Шелектегі» тоғанды шаруашылыққа балық комбинаты деген мәртебе алып беріп, өндіріс орны ұлғайған кезде аралдықтарды сонда жинап жатыр деп үстімнен арыз түскені де бар. Не дерсің бұл жұртқа? Кейде жақсы ісіңді теріске айналдырғысы келетін «қызғаныш» та болып тұрады.
– Құдеке, есіңізде болар, 1985 жылдың маусым және тамыз айларында Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде екі мақала жарияланды. Бірі – «Инкубатордан 30 тонна ет», ал екіншісі «Қарамойын құс базарына айналады» деген тақырыппен...
– Есімде, авторы сіз екеніңізді де білем... Екеуі де жақсы басталған іс еді. Сыр бойындағы Аманөткел ауылының маңынан құс базарын ашып, жайқалта жүзім ағаштарын өсірген едік. Инкубатор цехы орнатылып, пекиндік ақ үйректің бес жүз балапаны жеткізілді. Құстар жүзген «Сулы көлге» Қосжар питомнигінен мың бас карп балығы жіберілді. Бұл өзі бір ауылға жетерлік жұмыс көзі еді. Бірақ не пайда?! «Жібекті түте алмаған жүн етеді» жақсы бастаманы ағайындар қожыратып жіберді... «Аузына салғанды жұта алмады» деген осы. Бүгінде құс базарына айналатын еді. Ал жүзім бағын үлгірткенде ше, бір емес, қатар отырған екі ауданның халқына жететін еді. Не пайда?!
– Ренжімеңіз, ол маңды қайта түлететін талантты інілер шығар әлі. Осы орайда «Арал -Балқаш» аймағын қорғау қозғалысына араласқаныңызды айта кетсеңіз?
– 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін Арал мен Балқашқа жаны ашитын азаматтар бас көтеріп, шындықты ашық айта бастады. Сөйтіп ең алғаш «Арал-Балқаш» аймағын қорғау қозғалысы құрылды. Бастамашы Мұхтар Шаханов болды. Мен осы қозғалыстың вицепрезиденті едім. Газет, журнал, радио, теледидар арқылы сөз сөйленді. Бұл ісіміз үкіметке жақпады. Шақыру, алакөздік көбейді. Әйтсе де қоғам өмір сүре берді. 1989 жылы «ҚазақстанАрал-Балқаш» өңірін апатты жағдайдан қорғау жөніндегі қоғам қайта құрылды. Америкадан, Франциядан, Англиядан, Жапониядан қоғам қайраткерлерін, экологтарды шақырып, оларға Арал проблемеларын түсіндіріп, әлемдік деңгейде конференциялар өткізілді... Міне, Арал аймағына жасалған көмектердің бастауы осылай даярланған еді.
– «Шапағат» қоғамының төңірегінде шу аз болмады-ау!
– Еске жақсы салдыңыз-ау. Осы жөнінде түсінбеушілік көп. Сондықтан да кеңірек тоқталайын. 1990 жылғы 16 мамырда Арал, Қазалы, Шалқар өңірі балаларының денсаулығын сақтау бағытында нақты көмек көрсету жайлы ел Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Осы құжатты бетке ұстап Алматыда тұратын аралдықтар маған келіп Арал балаларына қамқорлық жасайтын қоғам құрайық. Сіздің беделіңіз бар, осыны басқарыңыз. Әрі «Арал-Балқаш» қоғамының вице-президентісіз ғой» деп қолқа салды. Көп ойландым. Әйтсе де сөздерін қимадым. Жүздей аралдық қатысып, 9 адамнан қоғамның президиум мүшесі сайланды. Ішінде генерал Т.Жалмағанбетов, жазушы Ә.Нұрпейісов болды. «Шапағат» қайырымдылық қоғамы деп атап, генерал ағамыз екеуміз бір-бір айлықты қоғамның есепшотына бас болып салдық. Өзім танитын министрлерге өтініш жасадым. Ұзақбай Қараманов Үкімет қаулысымен 500 мың сом түсірді. Аралдық А.Нұрымов 200 мың сом қосты. Сөйтіп 1990 жылдың аяғында бір миллион сомдай қаражат жиналды. Аралдан келетін 50-60 баланың астанаға келіп-қайтуына 80-90 мың сомдай ақша жұмсалып жүрді. Бір жыл ішінде халыққа танылды. Сөйтіп жүргенде арыз түсті. Ішті-жеді деп. Тексерушілер 25 беттік акт жазып, орынсыз, заңға қайшы бір тиын да жұмсалмағанын анықтады. Әрине, азын-аулақ кемшіліктің болғаны рас. Бірақ арымыз да, қолымыз да таза еді. Содан болар, жала жапқандардың бетпердесі ашылып, жұрт олардың артынан ит қосуға дейін барды.
– Сіз 1985 жылы №224 «Жаңа Қазалы» сайлау округінен Қазақ ССР-інің Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайландыңыз. Үш бірдей үлкен аманатты, атап айтқанда, тоғанды балық өсіретін шаруашылық ашу, тәулігіне 30-40 тонна нан шығаратын наубайхана және қала шетінен 10 жылдық мектеп салу жұмыстарына белсене араластыңыз. Аманат орындалды. Мұны қазалылықтар құп алды. Ал 1989 жылы Аралдан депутаттыққа түсіп едіңіз...
– Сөз төркінін түсіндім. Көрші ауданда өтіп, өз ауылыңда қалайша өтпей қалдың демекшісіз ғой, ә? Ол кезде депутаттыққа кандидаттарды тіркеу тікелей Үкімет басшысының нұсқауымен жүргізілетін. Ал өз еркімен сайлауға түсушілерді үкімет жақтырмайтын. Алғашқыда Брынкин екеуміз едік, үшінші болып Ә.Әйімбетов тіркелді. Брынкин – облыстық атқару комитетінің, Әйімбетов – ауаткомның төрағасы. Дауыс үшке бөлінді. Брынкин тек қызметі арқылы тіркелді. Ол депутаттыққа сайлана алмаса, қызметіне қауіп. Облыс басшысы Брынкин ұн, шекер, май, тағы-тағы азықтүлектерді үйіп салды. Ал мені «кандидатураңды қайтып ал» деп жоғарғы жақ шақырумен болды. Сөйтіп Брынкин өтті...
***
Үлкен өмір жолынан өткен үлкен басшының айтары көп, ақыл дариясы іспетті ғой. Қ.Саржановтың 189 беттік өмірбаяндық кітабының қолжазбасын оқып шыққасын осындай ойда болдым. Министр кезінде іссапармен ғана 46 жерде болыпты. Соның біразы шет елдер. «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра» деген осы. «Қуанған екеуміздің 12 баламыз бар», дейді ол. Сірә, күйеулері мен келіндерін қосатын болар. Десе де құда-жекжаты да, досы да көп екені рас. Дүние емес, дос жинаған адам. Алпыс жасқа толған тойында үсті-үстіне келіп түсіп жатқан құттықтаулар соның куәсі болғандай...
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
дербес зейнеткер
Арал қаласы