Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 сәуір: Атаулы күндер мен оқиғалар

1 сәуір: Атаулы күндер мен оқиғалар

Халықаралық құстар күні
Мерекенің шығу тарихы туралы нақты мәліметтер жоқ. Дегенмен, 1906 жылы 1 сәуір күні құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияға қол қойылғандығы айтылады. Конвенцияның негізгі қағидалары – жұмыртқа салу және жылы жаққа қайту мезгілдерінде құстардың барлық түрін қамқорлыққа алу, жоғалып кету қаупі бар құс түрлерін қорғау, құстарды аулаудың кейбір түрлеріне тыйым салу, құс өсіру және адамдарды табиғатты сақтауға сауаттандыру үшін қорықтар ашу.
Күлкі күні
Күлкі күнін тойлау Францияда бастау алғандығы айтылады. Ежелгі римдіктер «ақымақтар мерекесін» 17 ақпанда атап өткен. Ал Шығыс Үндістанда 31 наурыз күні «қалжыңдау салты» ежелден бар.
Әзіл-қалжыңға бір иығын беріп тұратын қазақта да бұл күнге байланысты әртүрлі қызық әңгімелер бар. Ерте көктемнің ала құйын мінезін қалжыңмен жуып-шайғысы келген халық бұл күні жақындарын «алдауға» барын салады.
1923 жылы «Ерік» деген атаумен қазіргі «Атырау» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғашында таралымы 500 дана болған. Қазіргі атымен 1990 жылдан бастап шығады.
1943 жылы Алматы қаласында «Орталық Республикалық Мемлекеттік кинофонофотоқұжаттар мұрағаты» өз қызметін бастады.
Ережеге сәйкес, Орталық Республикалық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағаты ғылыми-зерттеу мекемесі болды және ол ҚазКСР ішкі істер халық комиссариатының мұрағаттық бөлімінің құзырында еді. Мұрағат құрамына республика аумағында пайда болған саяси, тарихи, мәдени маңызы бар кинофотоқұжаттар енгізілді.
1993 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» № 2069-XII Заңымен «Даңқ» ордені бекітілді. Орден тек қана күштік құрылымдар өкілдеріне ғана беріледі.
1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Министрлер кабинеті жанындағы Кеден комитеті құрылды.
1995 жылы Ұлттар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Оның қызметіне республикада тіркелген ұлттық мәдени орталықтар, саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстармен байланыс орнату кіреді.
2007 жылы ел аумағында Қазақстан Республикасының «Ойын кәсіпкерлігі туралы» заңы күшіне еніп, соған сәйкес бұрын берілген лицензиялардың мерзімі аяқталып, ойын мекемелері енді тек ғана Қапшағай мен Бурабайда ашылатын болды.
2011 жылы ҚР Ұлттық банкі жаңа «Тұңғыш ғарышкер» монетасын айналымға шығарды.
Номиналы 500 теңге мерейтойлық монетаның диаметрі 38 мм, массасы 40 грамм. Монета дөңгелек пішінді, ішкі дискісі күмістен, сыртқы дөңгелектің өзі танталдан жасалған. Тиражы шектеулі – 5 мың дана.
01 сәуір 2020 ж. 594 0