Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 12 сәуір: Атаулы күндер мен оқиғалар

12 сәуір: Атаулы күндер мен оқиғалар

Қазақстанда ғылым қызметкерлерінің күні
Ел Президентінің Жарлығымен 2011 жылы бекітіліп, 2012 жылдан бастап аталып келеді. Қазақстандағы жоғары ғылыми ұйым болып Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы саналады. Ол 1946 жылы Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған.
Бүкіләлемдік авиация және космонавтика күні (Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні)
1961 жылғы 9 сәуірдегі КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен адамзаттың ең алғаш ғарышты бағындыруына орай атап өтіледі. Тұңғыш ғарышкер – Юрий Алексеевич Гагарин бұл сапарға қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан аттанды. Авиация және космонавтика күніне халықаралық мәртебе 1968 жылы Халықаралық авиация федерациясының конференциясында берілді. 2011 жылдан бастап оған тағы бір атау қосылды – Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні (International Day of Human Space Flight). 2011 жылдың 7 сәуірі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының арнайы пленарлық отырысында (Ресей бастамасы бойынша) ғарыш кеңістігін игеру ісіндегі алғашқы қадамдарға 50 жыл толуына орай № A/RES/65/271 қарары қабылданды. Қарардың тең авторлары әлемнің 60-тан астам мемлекеті болды.
1991 жылы Байқоңырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Ғарыш, спорт, эстрада жұлдыздары» атты халықаралық фестиваль өтті. 1993 жылы «31 арна» алғаш эфирге шықты.
1995 жылы Мәскеудің Санкт-Петербург қаласында Абай Құнанбаевтың (1845-1904) 150 жылдығы атап өтілді.
1996 жылы консультативтік-кеңесші органы саналатын Қазақстан Республикасы Президенті жанынан Жоғары экономикалық кеңес (ЖЭК) құрылды. ЖЭК-тің негізгі міндеттері – стратегиялық сипаттағы әлеуметтiк-экономикалық проблемаларды шешу жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, Мемлекет басшысы үшiн экономиканың, оның негiзгi салалары мен секторларының жай-күйi туралы баяндамалар мен талдау материалдарын даярлау, мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының негiзгi бағыттары бойынша ұсыныстар әзiрлеу, шет елдерде, соның iшiнде өтпелi экономикасы бар елдерде, экономикалық реформаларды жүзеге асыру тәжiрибесiн зерделеу және оны Қазақстанда қолдану жөнiнде ұсыныстар даярлау, мемлекеттiң экономикалық қауiпсiздiгi мәселелерi жөнiнде ұсыныстар даярлау болып табылады.
1999 жылы Алматыда Байтұрсынов пен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы скверде ғұлама ғалым, мемлекет қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевқа ескерткіш ашылды. Авторлары – еңбек сіңірген сәулетші Арыстан Қайнарбаев пен сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Төлеген Досмағамбетов. 2002 жылы Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ 2001 жылы маусымның 15-де құрылды) елдерінің мәдениет министрлерінің алғашқы кездесуі өтіп, онда мәдени алмасуларды дамыту туралы біріккен мәлімдемеге қол қойылды.
2006 жылы елордадағы балалар кітапханасының оқу залында «Астана – қазақтың шаңырақ қаласы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. «Астана жазушыларының кітапханасы» сериясымен жарық көрген тарихи-танымдық жинақтың маңызы мен мәні хақында Қазақстан Жазушылар Одағы Астана бөлімшесінің директоры Алдан Смайыл жиналғандарға кеңінен әңгімелеп берді. Кітапқа Астана тарихы мен оның елорда ретінде қалыптасуына қатысты белгілі ғалымдардың публицистикалық зерттеу мақалалары, Ақмола өңірінің тарихи тұлғалары туралы ғұмырнамалық шығармалар, атақты ақын-жыраулардың өлең-поэмалары топтастырылған.
2010 жылы Павлодарда қазақ халқының ғұлама ұлы, еліміздің Ғылым академиясының бірінші президенті Қаныш Сәтбаевтың туған күніне орай ескерткіш ашылды. Қ.Сәтбаевтың қола мүсіні Жерді бейнелейтін жасыл тасты жартылай сфераға сүйенген, Қордай жерінен алынған гранит тұғырға орнатылған. Баспалдаққа қаланған тастар әртүрлі, олар ғалымның жер қойнауы байлығымен жүріп өткен жолын символдық түрде бейнелейді. Монументтің биіктігі 8,5 метр. Ескерткіштің авторы – мүсінші, Суретшілер одағының мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Ольга Прокопьева. Тұрғырнама жобасын белгілі сәулетші Владимир Кацев жасаған.
2013 жылы Туристер арасында кең танылып келе жатқан Астана қаласы әлемдегі беделді Бүкіләлемдік туристік қалалар федерациясы (World Tourism Cities Federation – WTCF) құрамына енді. Посткеңестік елдер арасында WTCF-ке Мәскеу, Минск және Астана қаласы ғана мүше.
2014 жылы Алматыдағы Халықаралық бизнес академиясында алғаш рет киіз үйлер күні өтті.
2016 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ыстанбұл қаласына жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы сапар барысында Ислам ынтымақтастығы ұйымының XIII саммитіне қатысты.
2016 жылы Бухарест электр машинасы зауытының өкілдері (UMEB Elektromotoren) маңғыстаулық кәсіпорындарға презентация өткізді. Жиын барысында Ақтау қаласында төмен вольтты электр моторлары мен генератор жинайтын және жөндейтін бірлескен қазақ-румын кәсіпорны құрылатындығы хабарланды. Айта кету керек, 113 жылдық тарихы бар румындық «UMEB» компаниясы өз елінен бөлек өзге мемлекетте бірлескен кәсіпорын ашу туралы шешім қабылдаған және сенімді серіктес ретінде Қазақстанды таңдапты. Бұл біздің еліміз үшін әлімдік аренада мәртебесінің тағы бір көтірелгенін көрсетсе керек.
2017 жылы «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шықты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында атап өтілген 6 бағыт бойынша бірқатар жобалар қолға алынды. Оны іске асыру бойынша Ұлттық комиссия құрылды.
Латын әліпбиіне көшу. Елбасы қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауды жүктеді. Ал 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығаруға дайын болу қажеттігі айтылды.
Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы. Жоба ең алдымен рухани құндылықтарымызды жаңғыртумен қатар, елдегі туризм кластерін дамытуға зор әсерін тигізбек. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалып, оған өңірлердегі киелі нысандар енгізілетіні жоспарланды. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық. «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деп атап өтті Президент. Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросы құрылды. Бүгінгі күні 18 оқулық аударылып, басып шығарылды. Оның жұмысына 100-ден аса маман қатысты. Оқулықтар Елбасы Н.Назарбаевқа таныстырылатыны күтілуде.
Қазақстандағы 100 жаңа есім. Жоба Тәуелсіздік жылдары саланың кез келген бағытында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы азаматтарды іздеп-табуды, оларды келешек ұрпаққа үлгі етуді көздейді. «Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек», – деді Елбасы.
Туған жер. Аталған жобаның басты мақсаты – ауыл-аймақтардағы мәдени, рухани өмірді жандандырып, ауыл тұрғындарының әлеуетін арттыру. Яғни, елімізге танымал азаматтар, соның ішінде меценаттар, шоу-бизнес өкілдері, қоғам қайраткерлері өз туған жерлеріне қайырымдылық көрсетуі көзделді. «Қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жо­ғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады», – деген еді Н.Назарбаев.
12 сәуір 2020 ж. 472 0