Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жоғарғы Соттың жалпы отырысы жекелеген мәселелер бойынша түсініктемелер қабылдады

Жоғарғы Соттың жалпы отырысы жекелеген мәселелер бойынша түсініктемелер қабылдады

Елімізде COVID-19-дың  таралуын шектеу мақсатында, ТЖ кезеңінде көлік құралдарының жүруіне тыйым салу, жеке тұлғалардың  жүріс-тұрысын шектеу, мекемелер мен ұйымдардың қызметін тоқтата тұру, азаматтарды оқшаулау шаралары мен тағы да басқа уақытша шектеулер енгізілген болатын. Соның салдарынан азаматтардың бір бөлігі кәсібін тоқтатуға мәжбүр болса, енді біреулері кредит берешектерін төлей алмауда.Қоғамда орын алып жатқан осы жағдайлардан сот тәжірибесінде жекелеген мәсе­лелер туындады. Осыған орай, Жоғарғы Соттың жалпы отырысы төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты сот практикасының жекелеген мәселелері бойынша түсініктемелер қабылдады. Онда азаматтық және азаматтық процестік, қылмыстық және қылмыстық процестік, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы заңнаманы қолдану жөніндегі сұрақтарға түсіндірмелер берілген.
Түсіндірмеге сәйкес, төтенше жағдайды енгізу мен қолдану төтенше әрі тойтарылмайтын, тиісінше еңсерілмейтін күш мән-жайларына жатады. Төтенше жағдайды еңсерілмейтін күш мән-жайы деп, яғни заңдық маңызы бар фактіні анықтау жайлы сотқа бөлек арызбен жүгінудің қажеттілігі жоқ. Себебі, төтенше жағдай дәлелдеуді қажет етпейді, жалпыға белгілі факті болып табылады.
«Міндеттеме төтенше жағдайды енгізуге байланысты бұзылса, шарт тарабы міндеттемені орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылықтан босатылады ма?» деген сауал көптің көкейінде жүрген мәселе. Төтенше жағдай режимі халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға, індеттің кеңінен таралуын болдырмауға, азаматтар мен ұйымдарды қаржылай қолдауға, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Сондықтан міндеттемені орындамау тек еңсерілмейтін күштің, яғни енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты қабылданған шаралар мен уақытша шектеулердің салдарынан туындаса мүліктік жауапкершілікке әкеп соқпайды.
Төтенше жағдай салдарынан міндеттемелерді орындамауға байланысты дауларды шешу кезінде соттар адалдық, парасаттылық және әділдік қағидатын басшылыққа алуға тиіс. Форс-мажор тараптардың міндеттемелерін ұзартуға әкеп соғады, бұл ретте тарап 30 күн бұрын хабарлай отырып, сотқа дейінгі тәртіпті орындай отырып, шарттан бас тарта алады.
Азаматтық Кодекстің 182-бабы 1-тармағының 1-тармақшасының талабына сәйкес төтенше жағдайды енгізу талап қою мерзімінің өтуін тоқтата тұрады. Азаматтық процестік Кодекстің 126-бабының негізінде, талап қою арыздарын (арыздарды), апелляциялық және жеке шағымдарды, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау жайлы өтінішхаттарды келтіру мерзімдері, сонымен қатар төтенше жағдай кезінде өткізіліп алынған өзге де процестік мерзімдер сотпен ұзартылып, қалпына келтірілуі мүмкін.
Заңнамаға сәйкес бірқатар салаларда дауды сотқа дейін және соттан тыс реттеудің міндетті тәртібі белгіленген. COVID-19 пандемиясы кәсіпкерлік белсенділікті тоқтатуға немесе бәсеңдетуге, шарттық міндеттемелерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға алып келгенін ескеріп, экономикаға жағымсыз әсерлерді азайту мақсатында іскерлік әдеп қағидаттарын басшылыққа алып, дауларды бейбіт жолмен реттеу мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылады.
Камшат Садуақасова,
Арал аудандық сотының төрағасы.
20 мамыр 2020 ж. 843 0