Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада сыбайлас жемқорлық деректері 32 процентке азайған

Қызылордада сыбайлас жемқорлық деректері 32 процентке азайған

Биылғы 4 айда Қызылорда облысының білім саласында 10 сыбайлас жемқорлық дерегі анықталып, сотқа жолданған деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
Жалпы өңірде тіркелген бармақ басты, көз қысты әрекеттердің 3-тен бірі ағартушы салаға қатысты екен. Осындай жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолын кесу үшін Сыр өңірінде «Open space», «Ашық әкімдік», «Фронт-кеңсе» форматындағы қызмет түрлеріне басымдық беріліп отыр. Бүгінде өңірдегі 53 мемлекеттік мекемеде ашық кеңселер түрлі сала бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Сондай-ақ 7 фронт-кеңсе мен 10 ашық әкімдік іске қосылды. Соның бірі Арал ауданында қолға алынған. Енді аудан басшысынан бастап барлық сала маманы әйнекпен жасалған ашық бөлмелерде тұрғындарды қабылдайды. Жалпы өңірде соңғы 5 айда өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда сыбайлас жемқорлық деректері 32 процентке азайған.
«Жақын арада Арал аудандық жұмыспен қамту орталығының бірінші қабатында осы «Open space» форматындағы жобаны тағы да жалғастырамыз. Әрине халыққа қызмет көрсету орталығына халықтың мұң-мұқтажы, сұранысы көптеп түсуде. Осыған сәйкес біз мемлекеттік қызметтің бәрін ашық түрде жүргізуді мақсат етіп отырмыз», – дейді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.

«Кеңсенің басты артықшылығы – тұрғындарменен мәселені қарау барысында барынша қолжетімділікке жеткізу. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне жол бермеу. Халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасын қалыптастырудағы маңызды тетікті кеңінен насихаттау болып табылады», – деді облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов.
03 маусым 2020 ж. 609 0