Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шойын жолда шыңдалған

Шойын жолда шыңдалған

Егер жолыңыз түсіп стансаға бара қалсаңыз, машинистер тепловозды темір жол бойымен ары-бері  зырғытып, пойыз құрастырушылар арқылы вагонды-вагонға қосып, ажыратып жатқан сәтін, енді бірде әлгіде келіп тоқтаған жүк пойызы құрамынан бірнеше вагонды ағытып алып, тұйық жолмен мекемеге қарай жосылып бара жатқан көріністердің куәсі боларымыз хақ.
Қарапайым сөзбен айтқанда, бұл тепловоз машинистерінің әр ауысымдағы маневрлік ісі болғанмен, мұның маңызы зор. Өйткені ел экономикасының күретамыры болып саналатын темір жолда әр жерден вагонмен келген жүктерді  дер кезінде тиісті мекеменің түсіру алаңына жеткізу,  одан босаған вагондарды уақытылы алып отыру, сонымен бірге жүк тиеуге вагон жеткізу секілді тынымсыз жұмыстардың бәрі сағат, минутына дейін есептеулі.
Бұл орайда, темір жол саласына 40 жылға жуық өмірін арнаған ардагер машинист Жұмағұл Қожалепесов әр ауысымда маневрлік жұмыстың  бірде-бір ақауына жол бермегені үшін және міндетті әрі берілген тапсырмаларды тиянақты орындаған еселі еңбегі ескеріліп, әлденеше рет Темір жол министрлігі басқармасы мен бөлімшелерінің мақтау, Алғыс грамоталарымен марапатталған.
Өзінің сөзіне қарағанда, «машинист болсам» деген арманға жастайынан қалыптасқан сияқты. Балалық шағы Қамбаш стансасында өткен. Сол кезден-ақ кино көруге келген сайын станса бойымен ерсілі-қарсылы өтіп жатқан құрамдардың машинисіне қол бұлғайтынына дейін есінде қалыпты.
Сондағы бала Жұмағұлдың машинисіне қол бұлғаған құрметті «мен де машинист болам» деген арман түйсігі екен. Арман алдамайды демекші, 1968 жылы №21 Қамбаш орта мектебін ойдағыдай бітіріп, қолына аттестат алған бойы сыныптастары оқу орындарына аттанып жатқанда, Жұмағұл  Қазалыдағы №70 кәсіптік-техникалық темір жол училищесінен бір-ақ шығады. Сөйтіп машинист болсам деген арманға қол жетеді. Училищеден тепловоз машинисінің көмекшісі дипломын алысымен, жолдамамен Сексеуіл локомотив пайдалану депосына келеді. Мұнда жоғары оқу орны мен техникум бітірген машинистер жетерлік екен. Мұны депоға жай жұмысшы, слесарьлық жұмысына қабылдайды. Бір қуанарлығы, тепловоз маңайы. Сөйтіп жүргенде, 1971 жылы әскер қатарына азаматтық борышын өтеуге шақырылады. Сәтін салып, Ресейдің Воронеж қаласындағы темір жол әскери бөліміне түседі. Сірә, мамандығына қарай болса керек, мұнда ол тепловоз машинисі болып әскери борышын абыройлы өтеді. 1973 жылы туған еліне оралғаннан кейін, бұрын еңбек етіп кеткен Сексеуіл локомотив пайдалану депосында еңбек жолын жалғастырады.
Көп ұзамай-ақ, депо басшылары мұның қабілетіне әрі мамандығына сәйкес Арал теңізі темір жол стансасындағы машинистер бригадасының құрамына тепловоз машинисі етіп жіберіледі. Міне, содан бері 2011 жылға дейін, яғни зейнетке шыққанша абыройлы еңбек етті.
Ж.Қожалепесовтің тәлім-тәрбие берудегі ісі де өнеге тұтарлық. Әсіресе оның вагондарды ағытып, қосу кезіндегі қауіпсіздік ережелері мен тепловоздың жай қозғалысынан бастап, жылдамдығын арттырғандағы  әңгімелерін қызыға тыңдаған кейінгі жас толқын машинистер әркез мақтан етеді.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың аяғы болса керек. Арал ауданына белгілі азамат Бауыржан Жылқайдаров ол кезде Арал теңізі темір жол стансасында тепловоз машинисі де, ал оның көмекші машинисі – Жұмағұл. Жұмағұлдың жасы бірер жыл кішілігі болмаса, екеуі де жан жолдасындай сырлас болып кеткен-ді.
Жаздың аптақ ыстық «қырық күн шілдесінің» бір күнінде, дейді Жұмағұл әңгімесінде, – станса бойындағы сабылыс жұмыстан енді босағанымыз еді, станса кезекшілігінен: «Аралсоль» комбинаты тұз тиеуге бос вагон сұратып жатыр, дереу жеткізу керек, жұмысшылары бос қарап қалыпты»  деген тапсырма алдық. Әншейінде күніне екі мезгіл – азанда және кешкі уақытта бос вагондар апарып, қайтарында толтыра тұз тиелген вагондарды алып келу әрбір ауысымдағы машинистердің дағдысына айналған-ды. Ал күннің ыстығы 44 градустан түспей тұр. Әрі тал түс. Амал жоқ, тапсырманың аты тапсырма. Жүру керек. Сонан, Аралдан шыға бере Бауыржан:
– Жұмағұл, тепловозды сен жүргіз, мен сәл-пәл тынығып отырайын, ыстықтап кеттім, – дейді. Көмекшісі деген аты болмаса, тек құқықты машинаны Жұмағұл тепловоз тізгінін қолына алады. Арал мен Сольтрест (қазіргі Жақсықылыш) арасы 15 шақырым болғанмен, жолы нашар. Шпалдары көнерген, рельстері ескі екенін Жұмағұл мұны бес саусағындай біледі. Сондықтан тепловоздың жылдамдығын  сағатына 25-30 шақырымнан асырмай ұстап келеді. Алдында Бауыржанның сөзін тыңдап келе жатқан, енді оның үндемей қалғанына қарағанда «дем алуға» қаперсіз кіріскенін сезеді. Сонда да болса, мойнын бұрып көзін салады.  Арада бірнеше секунд уақыт өтті ме, өтпеді ме, енді алдына қараса, әлгідегі түзу жол – домбыраның қос ішегі бірдей үзілгендей боп рельстің шпалынан шығып кеткенін қырағы көзі шалып қалады. Шамамен 30 метр жер қалған, ойланатын уақыт қалған жоқ. Енді болмаса апатқа ұшырайды. Дереу шұғыл тежегішті басады.
Тепловоз вагонымен салдыр-гүлдір етіп тоқтағаннан шошып кеткен Бауыржан жан-жағына қарап «не болды, не болды» дей берді.
Бауке, мен ғой шұғыл тежегіш берген. Жолдың рельсі шпалынан ажырап жатқанын жақындағанда ғана байқадым, әйтпесе..
– Иә, әйтпесе,–деді Бауыржан менің сөзімді қайталап, – жүр, жерге түсіп көрейік...
Расында да, рельс шпалынан ажырап жатыр. Мұндай жағдай, әсіресе ыстық күндері кездесетінін көнекөз теміржолшылардан естігеніміз бар,  яғни «рельсті жалғағанда ара-жігін сақтамағандықтан, рельстер бірін-бірі тежеп, доға тәрізді майысып қалады» деп отыратын. Мына жағдай тап сол. Кемшілік бізден емес, қайтайық, деп ұйғардық.
Амалсыз кері қарай жылжып отырып, стансаға жеттік. Дабыра болмады. Артынша жол жөндеушілер рельс пен шпалдарын ауыстырып салғаннан кейін, қайта жолға шықтық, –дейді ардагер машинист Жұмағұл Қожалепесов.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
еңбек ардагері, журналист
28 шілде 2020 ж. 1 380 0