Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Абай Құнанбайұлы бейнеленген 100 және 500 теңгелік монеталар шықты

Абай Құнанбайұлы бейнеленген 100 және 500 теңгелік монеталар шықты

Kyzylorda-news.kz. Ұлттық банк Абай Құнанбайұлының мерейтойына орай арнайы монеталар шығарды.
«ҚР Ұлттық Банкі 10 тамызда номиналы 500 теңгелік күмістен, номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан «ABAI. 175 JYL» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады. Монеталар шығарылымы ақын және ағартушы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орайластырылған», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Елде карантин режимінің ұзартылуына байланысты монеталарды сату мерзімі кейінірек хабарланады. Сату күні туралы ақпарат Ұлттық Банктің ресми сайтында қосымша орналастырылатын болады.
«ABAI. 175 JYL» монеталарының сипаттамасы:
Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде мемлекеттік елтаңба бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY ∙ REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазбалар орналасқан. Айналдыра ұлттық ою-өрнек элементтері бар. Төменгі бөлігінде «TEŃGE» жазбасы және күміс монетада монетаның номиналын білдіретін «500» саны және мельхиор мен нейзильбер монеталарында «100» саны бейнеленген.
Монеталардың сырт жағында (реверсінде) Абай Құнанбаевтың мүсіндік портрет бейнесі, күміс және мельхиор монеталарда интерференциялық түрлі-түсті бейнелеу технологиясын қолдана отырып орындалған сия құтысының және қаламұштың стильдендірілген бейнесі орналасқан. Портреттің оң жағында қазақтың киіз үйі (басқұр) декоры түріндегі ою-өрнек таспасы, оның астында Абай Құнанбаевтың туған жылын, 175 жылдығын мерекелейтін күнді және соғылған жылын білдіретін «1845-2020» деген жазба орналастырылған. Оң жағында металдың массасын білдіретін «31,1 g» деген жазба бар. Монетаның жоғарғы бөлігінде «175» және «JYL» деген жазба бар. Сол жақ бөлігінде ұлттық ою-өрнек элементі, күміс монетада монета дайындалған металды және оның сынамын білдіретін «Ag 925» деген жазба бар. Монетаның төменгі бөлігінде латын графикасында «ABAI» деген жазба бар.
Техникалық өлшемдері:
«Рroof» сапалы монеталар 925/1000 сынамды күмістен, массасы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, номиналы 500 теңгелік, таралымы 1 500 данада дайындалды.
«Вrilliant uncirculated» сапалы монеталар МН 25 мельхиор қоспасынан, массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, номиналы 100 теңгелік, таралымы 8 000 данада дайындалды.
«Вrilliant uncirculated» сапасылы монеталар МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, номиналы 100 теңгелік, таралымы 75 000 данада дайындалды.
Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Номиналы 500 теңгелік және 100 теңгелік коллекциялық монеталар төлемдердің барлық түрі бойынша Қазақстанның бүкіл аумағында олардың белгіленген құнымен қабылдануға, сондай-ақ банк шоттарына есепке алынуға және аударылуға міндетті, Қазақстан Республикасының банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Күмістен дайындалған монеталар кәдесыйлық орамда шығарылады және Қазақстан Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Мельхиор қоспасынан дайындалған монеталар арнайы полиграфиялық орамда шығарылады.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.
10 тамыз 2020 ж. 622 0